Алматыда Еркін Нұразхановтың “Шарайна" атты жеке көрмесі ашылды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде елімізге танымал карикатурашы-суретші, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер, Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі Еркін Нұразханның "Шарайна" атты жеке көрмесін ашылды.
Еркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, шарж жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан, бүгінде осы бағыттың көшбасшысы саналатын танымал суретші.
Суретшінің айтуынша, көрмеге 1982 жылдан басталған шығармашылық жұмыстарының негізгі бөліктері қойылған. Суретшінің тақырыптары әр алуан, бейнелеген кейіпкерлері сан қырлы мінез-құлықты болса, сурет салудағы техникасы тым қарапайым. Негізінен қағаз, қаламұш, тушь, акварель бояуы, гельді қалам, түсті қарындаштарды қолданады.
Негізінен шарж және карикатуралық тақырыптағы жұмыстар қойылды. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге 105 жұмыс тапсырдым, жұмыстардың музейде тұрғаны дұрыс деп шештім. Бүгінгі көрмеге 500-ден астам жұмыс әкелдім, оларда осында қалады, - дейді суретші.
Оның айтуынша, музейде заттардың сақталу тәртібі бар және көпшілік тамашалап, ғылыми айналымға түседі. Яғни, зерттеу жасағысы келетін, суретшілер, журналистер үшін музейде болғаны қолайлы.
Шаржда танымал адамдар бейнеленген. Қоғамға белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлері, ғылым мен саясат өкілдерінің шарждары. Шарж дегеніміз - белгілі тұлғалардың әзіл портреттері, - дейді Еркін Нұразханов.
Көрме 2020 жылдың 2 наурызына дейін жалғасады.