Шаңырақтағы шешімін таппаған жолдар
«Шаңырақ-1» ықшамауданындағы Қосағаш көшесінің тұрғындары шұрқ-тесік жолдан әбден мезі болған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
«Бұрқыраған шаң, ойлы-қырлы, шұрқ-тесік жол» деген тұрғындар жол азабын 3 жылдан астам уақыт тартып келеді.
Әкімдікке мың рет бардық. Азамат Бескемпірұлының өзіне де барғанбыз. Ол кісі осы Қосағаш, Қоғалы көшелерінде тұрғындармен кездесіп, өзінің талай уәделерін айтып, бәрін күшті, керемет қыламыз деп кетіп қалды. Үш жылдың алдында бізде жалтыраған асфалтьт жолымыз болған, соны қайтарып берсін. Бала-шаға бар, олардың барлығы мектепке бара алмайды. Батпақ, жауын-шашын кезінде екі аяқкиіммен барады,- деді тұрғын Гүлшахар Абдубекова.
Жолдың жоқтығынан “жедел жәрдем” көлігі де көшеге кіре алмайды. Ата-аналар әр маусым сайын аяқ киім алудан жалыққанын айтып, ашуға булықты.
Менің үйімде қазір 72-ге келген апам бар. Қан қысымы жиі көтеріледі, жедел жәрдем шақырамын, ол келмейді осы жерге. Мен ауру адамды алып келіп, анау жерден күтіп аламын. Сөйтіп, жедел жәрдемге мінгізіп жіберген күндеріміз болған. Өйткені ішке кірмейді. Біздің көшеміздің соншама не жазығы барын білмеймін,- деді Қосағаш көшесінің тұрғыны.
Алатау ауданының әкімдігіндегілер “жолдың жырын жақсы білеміз” деп отыр. Олардың айтуынша, жөндеу жұмыстары қазан айында басталады.
Қалалық әкімшілік тарапынан энергетика және сумен жабдықтау басқармасының тапсырысы бойынша, мердігер компания “Сапа құрлыс 2007”мекемесі қазір инженерлік желілері жобасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Аталған жұмыс аяқтала келді, қазір «Алматы су» мекемесінің теңгеріміне беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Теңгерімге берілген соң қалалық мобильді басқармасы тарапынан жолдың орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Ағымдағы жылдың қыркүйек, қазан айларына дейін кәріз, жол мәселелерін шешу жоспарда бар,- деді Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Сапа Қуанышұлы.
Атқамінерлер жол жөндемес бұрын кәріз жүйесі мен су қосылу керек дегенді алға тартты. Бізге берген жауабында жыл соңына дейін кәріз желілері мен жол жөндеу жұмыстары шешілетініне уәде берді.