"Шаңыраққа қараңыз": Депутат аспанның "Құдайы" болып алған компанияны сынады
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Air Astana-ның билет бағасына қатысты саясатын сынап, оны реттеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Мәжілістегі Үкімет сағатында Эйр Астанаға байланысты мәселені көтерді.
Біздің депутаттардың бәрі мәселені көтеріп жатыр. Шынында да, Air Astana біздің аспанның “Құдайы” болып алған. Билеттің бәрі жақындаған кезде көтеріледі, арақашықтыққа байланысты деген бос әңгіме ғой. Билет жақындаған кезде көтерілмеу керек. Керісінше бағасы түсуі керек. Себебі ол билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. Мына Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз деген мына шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттік заңына бағынуыңыз керек, - деді депутат.
Жаңбыршин әріптесі Самат Мұсабаев екеуі бір сағат кешіккенге 3 пайыз айыппұл салатын норма енгізгенін айтты.
Енді қызықты қараңыздар. Мен 2 тамызда Air Astana 12 сағатқа кешіккені үшін әлі күнге дейін айыппұлын ала алмай жүрмін. Неге? Олар қитұрқы схема жасап қойған. Анаған кіріп, өтінім беріп, оның жауабын алып, оған бару керек. Мен соның соңында әдейі жүрмін. Бәрібір аламын, алдында біреуін алдым. Алатын болсаңыз, сол жазбаны, алатын ақшаны ешкімге жарияламауыңыз керек деген шарт қояды, - дейді ол.
Жаңбыршин Көлік министрі Марат Қарабаевқа тек қана Air Astana ғана емес, барлық жолаушылар көлігі қайтаратын өтемақы процесін жеңілдетуді сұрады.
Адам өтінішті оңай беріп, ақша оның шотына тезірек түсуі керек. Бұлар өте қиын жасап қойған. Олардың сайтына кез келген адам кіріп, ішінен тауып алып, өтінішті жазып, ақшасын кері қайтарып алуы өте қиын. Тек қана компьютерді білетін, ерінбей соның соңында жүретін адам ғана ақшаны қайтара алады. Әдейі істеп қойған бәрін. Air Astana-ның бүкіл мультимедиясының көбі басқа тілде. Мемлекеттік тілді контент өте аз. Оны бірнеше рет айтып жүрміз. Бұл да үлкен мәселе. Неге ол жерде мемлекеттік тілде басымдық берілмейді? Ең болмаса 50/50 болсын. Ал онда мультимедиядағы мемлекеттік тілдің үлесі 10 пайыз ғана болу керек. Фостер мырза, сіз Парламентке бірінші келіп отырсыз. Қазақстан аумағына кіргеннен кейін бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауыңыз керек, Қазақстанның заңын сыйлауыңыз керек. Осы жерде жағдайды жасауыңыз керек. Ақшаны бәріміз де жақсы көретін шығармыз, бірақ сіз пайда көреміз деп билетті көтере бермеуіңіз керек. Билеттің реті болуы керек. Сіз күнде жалақы көтеріп жатқан жоқсыз, жанар-жағармай бағасы күнде өсіп жатқан жоқ. Біздің территориямыз күнде резіңке болып созылып өсіп жатқан жоқ. Ал сіздер бағаны көтересіздер, - деп айтты Еділ Жаңбыршин.
Депутат билеттің бағасы 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін кетіп қалатынын айтып, бұл мәселені министрлік дұрыстап қолға алуы тиіс екенін қоса кетті.
Мәжіліс депутаты пікірін айтып болғанда Air Astana бас директоры Питер Фостерге күлмеуін өтінді.
Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Сіз осы жерде отырып алып бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Бұл Парламент, осында халықтың өкілдері отыр, - деп ескертті Жаңбыршин.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, депутаттар Мәжілістің Үкімет сағатында елдегі әуе компанияларының жұмысын сынап, билет бағалары сапаға сай келмейтінін айтты.