«Шаңырағыңыз биік болсын»: Бельгиялықтар королінің сөзі мен патшайымының киімі шетелдік БАҚ назарында
Патшайымның киімі, тарихи сапар және $353 млн сауда: Шетелдік БАҚ Қазақстан туралы не жазды?
Бельгиялықтар королі Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары шетелдік ақпарат құралдарының назарын аударды. Бельгиялық басылымдар тарихи сапардың мәніне тоқталса, Испанияның EFE агенттігі екі елдің сауда байланыстарына назар аударған. Ал корольдік сәнге арналған нидерландтық сайт патшайымның Астанадағы киім үлгісін жеке материалға арқау етті. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі шетелдік БАҚ жарияланымдарына шолу жасап білді.
Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапар
Бельгияның ағылшын тіліндегі The Brussels Times басылымы 11 қазанда корольдік жұптың Қазақстанға сапары туралы материал жариялады. Басылым мұны Бельгия монархтарының Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары ретінде сипаттады.
Жазбада сапардың негізгі мақсаты екі ел арасындағы экономикалық, академиялық және мәдени байланыстарды нығайту екені айтылған. Король Филипп пен патшайым Матильда Астана мен Алматыға баратыны, делегация құрамында шамамен 110 адам, оның ішінде 25-ке жуық компания басшысы мен 11 академиялық өкіл бар екені жазылған.
Басылым король Филипптің Қазақстанға бұған дейін де бірнеше рет келгенін еске салған. Ол тақ мұрагері кезінде 2002 және 2009 жылдары Байқоңырға бельгиялық астронавт Франк Де Винненің ғарыштық миссияларына байланысты сапарлаған. Ал 2010 жылы Қазақстанға экономикалық миссияны басқарған.
Бұл жолғы сапардың басты ерекшелігі – Бельгия монархының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары болуы.
Еуропа мен Азияны байланыстыратын дәлізге назар аударылды
The Brussels Times басылымы сапар аясында көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланатынын жазған. Соның ішінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше назар аударылған.
Бұл бағыт Ресей аумағын айналып өтіп, Еуропа мен Азия нарықтарын байланыстырады. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін оның маңызы арта түскені де жарияланымда атап өтілген.
Ал Бельгияның корольдік сарайы сапар бағдарламасына дипломатиялық кездесулерден бөлек, экономикалық, академиялық, мәдени және ғылыми іс-шаралар енгізілгенін хабарлады.
Сарай мәліметінше, тараптар көлік қатынасы, денсаулық сақтау, маңызды минералдар, технологиялар, жасанды интеллект және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.
Испаниялық EFE: Қазақстан мен Бельгия саудасы 353 млн долларға жетті
Испанияның халықаралық ақпарат агенттігі EFE 12 қазанда корольдік жұптың Астанаға келуі туралы мақала жариялады. Материалда сапар екі ел арасындағы байланысты нығайтуға бағытталғаны айтылған.
Агенттік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың корольдік жұпты Ақордада қарсы алғаннан кейінгі пікіріне назар аударған. Мемлекет басшысы бұл сапарды тарихи оқиға деп атап, келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын айтқан.
Президенттің сөзінше, Бельгия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда серіктестерінің бірі әрі экономикамызға инвестиция салатын жетекші он елдің қатарына кіреді.
EFE мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өсіп, 353 млн долларға жеткен. Оның ішінде Қазақстан экспорты 9,7%-ға өсіп, 184 млн долларды құраған. Ал Бельгиядан импорт 8,3%-ға артып, 169,4 млн долларға жеткен.
Қазақстан Бельгияға негізінен зығыр тұқымын, молибден кендері мен концентраттарын және титан экспорттайды. Ал Бельгиядан фармацевтикалық өнімдер, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы техникасы, мұнай өнімдері, тракторлар, вакциналар мен медициналық тауарлар импортталады.
Агенттік сапар аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі ретінде Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын атаған. Оның мақсаты – перспективалы бастамаларды талқылап қана қоймай, нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізу.
Ақордадағы салтанатты қарсы алу француз басылымының назарында
Францияның Le Soir басылымының Soirmag бөлімінде 12 қазанда корольдік жұптың Ақордада салтанатты қарсы алынуы туралы фотоматериал жарияланды.
Материалда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың король Филипп пен патшайым Матильданы қарсы алғаны, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, президенттік гвардия құрмет көрсеткені баяндалған.
Салтанатты рәсім кезінде Қазақстан мен Бельгияның тулары бейнеленген тікұшақтар Ақорда үстінен ұшқан.
Бұл көрініс шетелдік оқырмандарға сапардың ресми әрі салтанатты сипатын жеткізетін негізгі кадрлардың біріне айналды.
Қызыл көйлек, Dior туфлиі және қазақстандық брендтің сырғасы: Патшайым Матильданың Астанадағы образдары
Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға сапары сән әлемінің де назарын аударды. Әсіресе патшайымның Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсіміне таңдаған қызыл түсті киімі шетелдік басылымдардың қызығушылығын тудырды.
АҚШ-тағы ¡HOLA! басылымының жазуынша, 12 қазанда Астанада өткен ресми рәсімде патшайым белі белдікпен айқындалған, етегі кеңейе түсетін қызыл миди көйлек киген. Оған түсі сәйкес келетін кең жиекті қалпақ таңдаған. Қалпақтағы сәндік бантик, інжу сырғалар, ашық қоңыр түсті қолғап, сөмке мен үшкір тұмсықты туфли образды толықтырған.
Патшайымның киім үлгісіне арналған мақалада қызыл түс пен бейтарап реңктегі аксессуарлардың үйлесімі ерекше атап өтілген. Қызыл көйлек пен қалпақ образдың негізгі бөлшегі болса, қолғап, сөмке мен аяқ киім жалпы көріністі толықтырған.
Бір қызығы, патшайым бір күн ішінде бірнеше образ ауыстырған. Корольдік сәнге маманданған UFO No More сайтының мәліметінше, Ақордадағы рәсімде ол бұрын да киген қызыл түсті киімін таңдаған. Кейінгі іс-шарада Natan сән үйінің киімін киіп, кешкі қабылдауға басқа образбен келген.
Кешкі асқа патшайым ливандық дизайнер Эли Саабтың (Elie Saab) моншақтармен безендірілген ұзын шапанын қызыл комбинезонмен үйлестірген. Образын Christian Dior туфлиі толықтырған.
Алайда сән шолушыларының назарын аударған ең қызықты детальдардың бірі – патшайымның сырғасы. UFO No More мәліметінше, кешкі ас кезінде Матильда Қазақстанның Saltanat брендіне тиесілі гауһар сырғаларды таққан. Бұл сапар барысында қазақстандық брендтің бұйымы корольдік образдың бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Осылайша, патшайымның Астанадағы киім үлгілері тек сәндік таңдаумен шектелмей, халықаралық дизайнерлер мен қазақстандық брендтің бұйымдарын бір образда үйлестіруімен де ерекшеленді.
«Шаңырағыңыз биік болсын». Король Филипп Қазақстан туралы не айтты?
Бельгия корольдік сарайының ресми сайтында 12 қазанда король Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде жасаған баспасөз мәлімдемесі жарияланды.
Король Қазақстанның дамуын, цифрландыру саласындағы жетістіктерін және жасанды интеллект бағытындағы тәжірибесін атап өткен. Сондай-ақ Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін, этникалық және тілдік әртүрлілігін тереңірек танып-білуге қызығушылық білдірген.
Филипп Қазақстанды Еуразияның маңызды торабында орналасқан, Еуропа мен Азия арасындағы байланыстырушы ел ретінде сипаттады. Ол қазақтың «Қонақжайлық» ұғымына да тоқталып, сапардың рухын «Шаңырағыңыз биік болсын» деген тілекпен жеткізген.
Корольдің айтуынша, үш күндік сапар екі елдің мүмкіндіктерін жақсырақ танып, қалыптасқан байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Сапардың басты мәні – нақты нәтижелер
Шетелдік жарияланымдарды сараласақ, сапар бірнеше бағытта көрсетілген. Бельгиялық басылымдар оның тарихи сипаты мен экономикалық маңызын атап өтсе, EFE екі ел арасындағы сауда көрсеткіштеріне назар аударған. Ал сәнге арналған нидерландтық сайт патшайымның киім үлгісін жеке тақырып ретінде қарастырған.
Қазақстанның Еуропамен байланысын нығайту, көлік-логистика бағыттарын дамыту, маңызды минералдарды өңдеу, технология және ғылым салаларындағы ынтымақтастық сапардың негізгі тақырыптары қатарында болды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметінше, сапар аясында екі елдің сыртқы істер министрліктері 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойды. Құжат саяси диалогты жандандыруды, тұрақты консультациялар өткізуді және бірлескен бастамаларды ілгерілетуді көздейді.
Осылайша, корольдік жұптың сапары халықаралық баспасөзде дипломатиялық оқиға ретінде ғана емес, Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда, технология, көлік және ғылыми байланыстарды кеңейту мүмкіндігі ретінде де көрініс тапты.
Тағы оқи отырыңыз: Бельгия Королі мен Патшайымы Ақордадан Астананы тамашалады