Шанхай: Болашақтың қаласы, Шығыс інжуі, қаржы орталығы

Қытайдағы ең үлкен әрі бай қаланың бірі – Шанхай. Халық саны шамамен 2021 жылғы көрсеткіш бойынша 25 млн-ға жуықтаған. Ал ЖІӨ 2021 жылы 4,32 трлн юаньға дейін өсіп, әлемде 4-орынға тұрақтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шанхай – Қытайдың экономикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар әлемдегі жетекші орталықтардың бірі. 

Қалада заманауи зәулім ғимараттар мен ескі қаланың екі қабатты ағаш үйлері керемет үйлесім тапқан. 

«Шығыс інжуі» телемұнарасы – бұл Азиядағы үшінші және әлемдегі бесінші биік ғимарат. Оның биіктігі 468 м. Телемұнарадан қаланың керемет көріністерін ұсынатын шолу алаңы бар. Оған кез келген адам билет алып кіре алады.

Сонымен қатар Шанхайда ескі қала мен ежелгі ғибадатханалар мен монастырлар өз қалпында сақталған.

Фонда аз қабатты архитектура, дәстүрлі қызыл шамдар және заманауи зәулім ғимараттар.

Шанхай тұрғындарының арасында да велосипедтер мен мопедтер кең таралған көлік түрі. Қаланың кез келген жерінен QR-код сканерлеп, велосипед жалға алуға болады.

Шанхайға келушілердің бірі оның заманауи ғимараттарын ұнатса, енді бірі асханасынан дәм татқанды жақсы көреді. Себебі Шанхай асханасы Қытайдағы үздік төрт асхананың бірі саналады.

Вайтань (Бунд) жағалауы Хуанпу өзенінің бойында орналасқан. Ол - Шанхайдағы туристер көп баратын ең танымал жердің бірі. Жағалаудан Шанхай мұнарасы, Шанхай дүниежүзілік қаржы орталығы, «Шығыс інжуі» телемұнарасы және Қытайдағы ең танымал ғимараттардың бірі саналатын Джин Мао мұнарасы сияқты қаланың бірнеше көрнекті жерлерінің көрінісін тамашалауға болады.

Шанхай - әлемдік экономиканың қуатты орталығы. Сол себепті қалада дүниежүзілік қаржы орталығы да ашылған. Заманауи стильде салынған қаржы орталығының биіктігі 492 метр.

101 қабатты ғимаратта 20 халықаралық қаржы институты, сауда орталықтары және ірі қонақ үй орналасқан.

Шанхай мұнарасы - 128-қабатты зәулім ғимарат. Оның биіктігі 632 метр. Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қатысып жатқан шетелдік журналистер ғимаратта болып, Шанхайды биіктен тамашалады.

Чэнхуанмяо немесе Құдай ғибадатханасының қаласы - Шанхайдың ең танымал және ерекше аудандарының бірі. Бұл туристер жиі баратын сауда орталығы.

Сонымен қатар Шанхай (ҚХР) қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы орналасқан. 20 қараша, яғни ҚР президентін сайлау күні Қытай аумағындағы үш учаскенің бірі осы Шанхайда ашылады.

Айта кетейік, бүгінгі күні Шанхайда жыл сайын өтетін ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Ол – V Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE). ЭКСПО-ға Қазақстан да қатысып, азық-түлік өнімдерін таныстырып жатыр. Көрме 5 қарашада басталып, 10 қарашада аяқталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы