Балаңызға бақылаушы емес, қамқоршы болыңыз – Шәмшідинова ата-аналарға
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 15 мамыр – ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова Ақмола облысы Шортанды ауданындағы Бозайғыр ауылының орта мектебінде өткен ата-аналар жиналысына қатысты.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бұл мереке әлемдегі әрбір «қоғам ұяшығының» қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Қоғамның негізгі элементі ретінде отбасы – тұрақтылық пен дамудың басты факторы.
ҚР БҒМ басшысы «мұғалім – оқушы – ата-ана» үштігі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтынын атап өтті.
«Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Осы күні еліміз бойынша ата-аналар жиналысын өткізіп жатырмыз. Жалпы, ата-аналардың жиналысқа келуі өте орынды. Себебі отбасы туралы Кодекстің 70-бабында жазылғандай, баланы тәрбиелеу – ата-ананың ең бірінші құқығы. Осыған орай ата-аналардың жиналысқа келуі, өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, атсалысуы бізді қуантады. «Мұғалім – оқушы – ата-ана» үшбұрышы бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өйткені ата-ана баласына тәрбие береді, ал мектеп балаға білім береді. Бұл бір-бірімен ақылдасып, бірлесе отырып шешетін шаруа», - деп түсіндірді Күләш Шәмшідинова.
Жиын барысында министр бүгінгі жиналыстың негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.
«Ауылдағы мектепке келіп, жиналысқа қатысып отырғанымыздың себебі – ауылдағы ата-аналармен де кездесіп, сөйлескіміз келеді. Әке мен ананың рөлі бала үшін өте жоғары. Ата-ана баланың өміріне қаншалықты қажет екенін түсіндіре білуі керек. Міне, сондықтан бүгінгі ата-аналар жиналысының да ең басты мақсаты – мектеп, ата-ана мен оқушы үшеуі бірлесе отырып, баланың болашағы үшін, оның жақсы тәрбие алуы үшін жұмыс істейтінін түсіндіру», - деп атап өтті Білім және ғылым министрі.
Сондай-ақ, ол ата-аналарға бірқатар кеңес те берді.
«Әрине, ата-ана балаға бақылаушы да бола алады, қамқоршы да бола алады. Мен бүгін ата-аналарға бақылаушы емес, қамқоршы болыңыздар дегім келеді. Егер бақылаушы болсаңыз, балаңызға өзіңіздің дегеніңізді ғана жасатып, оның ой-пікірімен санаспасаңыз, ертеңгі күні өз-өзіне сенімсіз, үнемі біреудің ақылынсыз шешім қабылдай алмайтын адамды өсіресіз. Ал әке-шешесі қамқоршы болып, бағыт-бағдар беріп, баланың ойын біліп, онымен ақылдасып өскен оқушы тіпті басқа адам болады», - деп сөзін жалғады Күләш Шәмшідинова.
Келесі кезекте ол баланы мектепке қалай жіберіп, қалай күтіп алу керектігі туралы ойымен бөлісті.
«Балаларыңызды мектепке үлкен құрметпен шығарып салып, үйге қайтып келгенде сондай үлкен дастарқан жаймасаңыз да, тамағы мен шайын дайындап, қарсы алыңыздар. Себебі олар мектепке оқып білім алуға, еңбек етуге, ертең өзінің болашағын ұйымдастыруға келеді. Мектептен келген балаңызбен міндетті түрде 15-20 минут болса да арнайы уақыт бөліп сөйлесіңіз, мектепте немен айналысқанын, не үйренгенін сұраңыз, оған дос бола біліңіз. Ұл-қызыңыз кіммен араласып, дос болып жүргенінен хабардар болыңыз, достарымен танысыңыз. Аптасына бір күніңізді балаңызға арнап, уақытты бірге қызықты етіп өткізуге тырысыңыз. Ол мейлі бірге табиғат аясына шығып, серуендеп, балық аулауға бару болсын, мейлі бірге ас әзірлеп немесе кітап оқу болсын», - деп кеңес берді министр.
Күләш Шәмшідинова бүгінгі таңда елді мекендердегі мектептердің проблемаларына да тоқтала кетті.
«Елді мекендердегі мектептерде шешілмей келе жатқан өзекті мәселелерге келер болсақ, бірінші мәселе бұл – апатты ғимараттардағы мектептердің мәселесі мен үш ауысымда білім беретін мектептердің проблемасын шешуіміз керек. Еліміз бойынша 128 мектеп үш ауысым бойынша оқытса, 31 мектеп апатты жағдайда. Осындай туындап отырған мәселелерді шешу мақсатында жалпы 190 жаңа мектеп салынады деп жоспарланып отыр», - деді министр.
Бұған дейін елорданың барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтетінін хабарлағанбыз. Ата-аналар жаңа форматтағы ҰБТ туралы ақпарат алып, балалардың тамақтануы, жаз мезгіліндегі қауіпсіздік, сондай-ақ бюджет қаражатын мақсатты жұмсау туралы мектеп директорларының есебін тыңдау мүмкіндігіне ие болды.