Шамдар фестивалі: 2000 жылдық дәстүр және мерекелік тағамдар

Қытайдың көне дәстүрлерінің бірі – Шамдар фестивалі аталып өтіп жатыр. Бұл мереке Ай күнтізбесі бойынша алғашқы толған айдың түні, яғни айдың он бесінші күні тойланады және 2000 жылдан астам тарихқа ие, деп хабарлайды BAQ.KZ.
kaz.people.cn-нің хабарлауынша, Шамдар фестивалі Қытайда Көктем мерекесін қорытындылайтын ерекше күн. Бұл күні жарқыраған шамдар, жұмбақтар, арыстан биі және аспанға көз тастау дәстүрлері мерекенің көркін ашады. Алайда бұл мерекені тәтті юаньсяосыз (немесе танюаньсыз) елестету мүмкін емес.
Юаньсяо мен танюань – күріш ұнынан жасалатын домалақ тәтті тағамдар. Олардың ішіне қант, күнжіт, жеміс пастасы секілді тәтті қоспалар салынады. Солтүстік Қытайда юаньсяо дайындау үшін жабысқақ күріш ұнын домалақ етіп илеп, үстіне ұн жағады. Ал Оңтүстік Қытайда танюань жасау кезінде ішіне тәтті қоспалар салынып, қамырмен оралады. Әдістері әртүрлі болғанымен, екі тағам да отбасылық бірлікті, қуаныш пен амандықты білдіреді, - деп жазды қытайлық газет.
Шамдар фестивалі тек тәтті тағамдармен шектелмейді. Бұл күні Қытай халқы гүл шамдарын тамашалайды, аспандағы толық айға қарап тілек тілейді, шамдардың ішіндегі жұмбақтарды шешеді, арыстан биін билеп, түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырады.
Шамдар фестиваліндегі юаньсяоға ұқсас тағамдар басқа елдерде де кездеседі. Мысалы, Үндістанда мерекелер мен үйлену тойларында раушан қосылған сүт домалақтары – дәстүрлі үнді тәттілерінің бірі саналады.