Шалғай ауылдардағы мектептерде де ғылым дамыса дейміз – министр

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматыда Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен «Сенім, өзгерістер және ертеңгі күн: 2050 жылға қажетті ғылым» ІІ Халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конгресте сөз сөйлеген министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектептерде ғылымға қызығушылықты ерте жастан қалыптастыру, ғылыми зерттеулер жасау, балалардың новаторлық, ойлау және зерттеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық, кадрлық әлеуетті арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Қазақстанда ғылыммен айналуысуға ынталандыруға басымдық берілуде, жуырда ғана Мемлекет басшысы халықаралық беделді ғылыми байқауларда жеңіске жеткен оқушылар мен олардың педагогтеріне мемлекеттік сыйақы тағайындау туралы заңға қол қойды. Біз шалғай ауылдардағы мектептерде де ғылым дамыса дейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептерінің» инфрақұрылымында зияткерлікті дамытуға бағытталған заманауи түрлі пәндік, тақырыптық зертханалар құрылып, балаларға ғылымды тереңірек зерттеуге жағдай жасалуда. Бұл мектептер барлық бала үшін мүмкіндіктер алаңына айналды. Ғылым негіздеріне баланы ерте жастан баулу арқылы жаһандық білім мен ғылым бәсекесіне қабілетті сапалы адами капитал қалыптастырылады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оқу-ағарту министрі әсіресе, ауыл мектептеріндегі педагогикалық ұжымның біліктілігін арттыру, институттармен, оқу орындарымен және өндірістік сектормен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, ынтымақтастық үшін нақты платформа қалыптастыру мәселелеріне де тоқталып өтті. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Министрлік зерттеу жұмыстарын күшейту, бірлескен жобаларды іске асыру және білім беру процесіне инновацияларды кіріктіру бағытында Ғылым академиясымен меморандумға қол қойған болатын.

Цифрлық дәуірде елімізде мамандандырылған мектептер желісін дамытудың маңызы артып келеді. Назарбаев интеллектуалдық, Республикалық физика-математика мектептері секілді оқу ошақтарында жастарды ғылымның белгілі бір салаларына тереңірек бағыттап жатырмыз. Бұдан бөлек біз гуманитарлық бағыттағы мектептердің желісін қалыптастыруды да назарда ұстаймыз. Сол себепті Абай мектептерінің әлеуетін арттыруға күш салудамыз. Цифрлық дәуірде тек технократтардың ғана емес, гуманитария саласындағы терең білімі бар ғалымдардың да жаңа буынын қалыптастыру отандық орта білім саласы үшін өзекті, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сөз соңында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жас ғалымдарды ынтымақтастыққа, Келешек мектептерінде, Абай мектептер желісінде, ауылдарда жұмыс жасауға, білім саласын бірлесіп дамытуға атсалысуға шақырды.

Айта кетейік, биыл 36 халықаралық олимпиада мен ғылыми жарыстарға қатысқан 1 657 қазақстандық оқушының 922-сі, яғни әрбір екінші қатысушы жүлделі орынмен оралды. Нәтижесінде, қазақстандық оқушылар 177 алтын, 329 күміс және 416 қола медаль иеленді. Қазақстан құрамасының First Global Challenge робототехника чемпионатында 190 елдің ішінен төртінші мәрте әлем чемпионы атануы биылғы жылдың елеулі жетістіктерінің бірі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Өзгелердің жаңалығы