19 Ақпан 2026, 15:54 Фото: gov.kz

Шалғай ауылдарда пошта бөлімшелері жабылуы мүмкін: Сенатор дабыл қақты

Қазақстанның ауылдық аймақтарында пошта қызметінің тоқырауға ұшырау қаупі бар.

Субсидиялау деңгейінің төмендігі шалғай елді мекендердегі пошта байланысының тұрақтылығы мен баспа басылымдарының қолжетімділігіне үлкен нұқсан келтіруде. Бұл мәселені Сенатор Әлібек Нәутиев өзінің депутаттық сауалында ашық көтеріп, Үкімет назарына ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, «Қазпошта» АҚ заң жүзінде ұлттық оператор ретінде ауылдарға газет-журнал жеткізуге және әмбебап қызметтерді ұсынуға міндетті. Алайда, қазынадан бөлінетін қаражат нақты шығындарды жаппайды, бұл кәсіпорынның қаржылық жағдайына ауыр салмақ салып отыр. «Қазпошта» мыңдаған ауылда мемлекеттік институттардың жұмысын іс жүзінде жүзеге асырып отыр. Қаржыландыру тоқтаса, бұл нысандардың жабылуы әбден мүмкін, бұл өз кезегінде тұрғындардың ақпарат алу және мемлекеттік қызметтерді пайдалану құқығын шектейді.

Сенатор елді мекендердегі интернеттің сапасы да көңіл көншітпейтінін жеткізді. Көптеген шалғай ауылдарда байланыс желісі үзіліспен жұмыс істейтіндіктен, баспа басылымдары ақпарат алудың негізгі құралы болып қала бермек.

Интернеттің болмауы және пошта маршруттарының қысқаруы жағдайында шалғайдағы тұрғындар «ақпараттық оқшаулануда» қалып қоюы мүмкін. Бұл әсіресе мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру кезеңінде және сайлау кезеңінде, оның ішінде жалпыұлттық референдумға дайындық жағдайында өте маңызды, - деді Әлібек Нәутиев.

Депутат сонымен қатар бұл түйткілді шешуде мемлекеттік органдар арасында ортақ позицияның жоқтығын сынға алды. Қаржы министрлігі бюджеттің шектеулі екенін алға тартса, Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігі қаржыландырудың жеткіліксіз екенін мойындағанымен,  ауылдағы поштадан гөрі басқа  цифрлық жобаларды басым көреді. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласына тікелей қатысы болса да, бұл мәселеден шет қалып отыр.

Үкімет ауылдық жерлерде әмбебап байланыс қызметтерін толық көлемде субсидиялау мәселесін шешу қажет және балама қолдау тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Баспа қызметі мен логистика арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ете отырып, құзыретті министрлікке мерзімді басылымдарды жеткізуді субсидиялау жөніндегі құзыретті бекіту бөлігінде «Масс-медиа туралы» заңға түзетулер енгізуді қамтамасыз ету керек. Тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен ұлттық пошта операторының өзекті проблемалық мәселелерін қарау және оң қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оларды шешу жолдарын табу керек, - деп түйіндеді Әлібек Нәутиев.

Жанерке ЖӘКЕН