Шалғай ауылдағылар алғашқы медициналық көмекке толыққанды қашан қол жеткізеді?

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Руслан Рүстемов министрден медициналық қызмет көрсетудегі алға қойған жоспарын сұрады.

Мемлекет басшысы 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында қолжетімді дәрігерлік қызмет ісін қайта қалпына келтіруді тапсырды. Алайда шалғай орналасқан ауыл тұрғындарына бұл қызметті көрсету министрлік тарапынан жүйелі түрде жолға қойылмай келеді. Мәселен, 2022 жылға жоспарланған қаражатты игеру 43 пайызды ғана құраған. Бұл – республика бойынша. Ал өңірлер бөлінісінде жағдай бұдан да төмен. Бұдан басқа, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған 3,6 млн халық болса, оның 1,4 млн-ы – ауыл тұрғындары толыққанды медициналық көмекке қол жеткізе алмауда. Келесі бағыт – бұл скринингтік тексерулер. Есептік кезеңде онкологиялық сырқаттанушылықта ерте анықтау көрсеткіші бойынша жоспар 33,5 пайыз бола тұра, нақты 29 пайызды құрап, нысаналық индикаторларға қол жеткізілмеген. Мұндай жағдай соңғы 3 жыл бойы жүйелі түрде қайталануда. Сіздер жылжымалы медициналық кешендерді пайдалану арқылы шалғай ауылдық елдімекендердегі азаматтарымызға алғашқы медициналық көмекті толыққанды қашан көрсетесіздер? – деді мәжілісмен.

Министрдің айтуынша, ауыл денсаулығын дамыту – бұл салалық стратегиялық бағдарламалардың басты бағыты болып есептеледі.

Бүгінгі таңда ауыл денсаулығы үшін былтыр 2020 жылмен салыстырғанда қаржыландыруды 1,5 есеге ұлғайттық. 100 млрд-тан астам теңге қосымша берілді. Былтыр алғаш рет бүкіл ауыл тұрғындарына 10 аурудың алдын алуға қатысты кешенді профилактикалық зерттеулерді бастадық. Бүкіл республика бойынша ауыл тұрғындарының 4 млн-ы профилактикалық тексеруден өтті. Сол тексерістен өткен адамдардың 1 млн 810-ы жылжымалы медициналық кешендер арқылы өткізілді. Былтыр пандемиядан кейін алғаш рет медициналық пойыз жұмысын бастады. Шалғай станцияларда 70 мыңнан астам адамды тексерістен өткізді. Көптеген өңірде, әсіресе аудандарда өздерінің жоспарлаған сандарына қол жеткізе алмады. Әртүрлі себеп бойынша: жолдың жарамсыздығы, маусым бойынша автобустардың жүруі немесе кадрлардың жетіспеушілігін айтты. Бұл тәртіпті өздерінің жоспарлаған санына жеткізу үшін келесі жылдан бастап келісімшартты бағалау индикаторы қойылатын болады. Әр өңір өзінің қойған шартты мәніне жетуі тиіс. Әсіресе профилактикалық тексерулер 90 пайыздан төмен болмауы керек, - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр халыққа медициналық көмектің сапа көрсеткішін ұлғайту жөнінде соңғы жылдары коронавирус инфекциясына қарамай бүкіл емханаларда үлкен жүктеме болғанын алға тартты.

Кейбір қызметтердің шектелуі орын алса да, осы көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Қазір 59 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2021 жылдан бері бұрынғы Есеп комитеті, қазіргі Жоғары аудиторлық палата өткізеді. Бұл – тәуелсіз бағалау. Өзіміз осы көрсеткішті әрі қарай дамыту үшін келесі шараларды жоспарлап отырмыз. Бірінші – кадрлық әлеуетті арттыру, саланың инфрақұрылымын жаңғырту. Сонымен бірге қаржыландыруды өсіру. Құрал-жабдықтармен жабдықтау. Халыққа көрсететін қызметтің тізбесін кеңейту. Барлық медициналық ұйымдарда пациенттерді қорғайтын қызметтер ашу. Қазірдің өзінде 69 пайызға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұл Америка, Францияның жетіп отырған көрсеткіші. Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін бюджетті қарастырдық, - деді Ажар Ғиният.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы