Шала туған сәбилерге ерекше операция жасалды

Алматыда Қазақстан медицинасының тарихында алғаш рет шала туған нәрестелерге ерте бастан витрэктомия жасау – сәбилердің көру қабілетін мәңгілікке жоғалтпауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық операция бойынша халықаралық шеберлік сыныбы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шеберлік дәрісі Алматы қаласындағы Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында шала туған нәрестелер ретинопатиясының ауыр түрлерін емдеуге маманданған әлемге әйгілі үнді офтальмологиялық хирургы, доктор Нихил Палдың қатысуымен өтті. Төрт күн ішінде оның жетекшілігімен дәрігерлер бригадасы Қазақстанның 12 облысынан келген 14 балаға 20 ота жасады. Ең кішкентай науқастың жасы небәрі – 2,5 айлық. 

Шеберлік дәрісінің өзекті тақырыбы балалар офтальмологиясындағы ең күрделі де қорқынышты диагноздардың бірі: шала туғандардың ретинопатиясы (РН) болды.

Дүниежүзінде көз торының осынау ауруы жаңа туған нәрестелерді соқырлыққа душар ететін негізгі себептерінің бірі. Қазақстанда жыл сайын 22 мыңнан астам шала туған нәресте дүниеге келсе, олардың 4 мыңға жуығы ретинопатия қаупімен бетпе бет келеді.

Соңғы жылдары ретинопатия Қазақстанда сәбилер соқырлығының нағыз індетіне айналды. Бұл күн сайын емес, сағаттап өршитін ауру. Егер кешіктірсеңіз, бала анасының жүзін ешқашан көрмей өтуі мүмкін, - дейді еліміздің жетекші балалар офтальмологы Әсел Шәріпова.

Соңғы 10 жылда осы мәселеде Қазақстанда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді: ерте диагностикалық хаттамалар енгізілді, 40-тан астам офтальмолог оқытылды, аймақтық бригадалар құрылды. Бірақ, осы уақытқа дейін ауыр, терминалды кезеңдерде балаларды емдету үшін шетелге баруға мәжбүр болды, өйткені елімізде ең күрделі витрэктомия отасы жасалмайтын.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұрын балалар көру қабілетін қайтару үшін осындай күрделі араласулар жасау үшін шетелге жіберілетін.

Ендігі жерде, шеберлік сабағының арқасында мұндай көмек Қазақстанда да қолжетімді болып отыр. Бұл тек технологиялық серпіліс қана емес, сонымен қатар ең кішкентай пациенттерге көмек көрсетудің жаңа дәуірі – олардың емделуі үшін шекара асуға тәуелділіктен арылу кезеңі.

Шеберлік дәрісі аясында Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан 10 отандық дәрігер біліктілігін арттырғаны маңызды екендігін атап өткен жөн.

Бұл ұзақ мерзімді келешекте тұрақты кәсіби базаны қалыптастыруға және ел ішінде жоғары технологиялық офтальмологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді – осылайша мұндай көмек шетелге бармай-ақ, осы жерде, үйде де қолжетімді болып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы