12 Тамыз 2026, 11:29 Фото: istockphoto.com

Шала піскен еттен де жұғуы мүмкін: Дәрігер сібір жарасынан сақтану жолдарын атады

Маман сібір жарасының жұғу жолдарын түсіндіріп, инфекциядан сақтанудың негізгі шараларын ескертті.

Сібір жарасы – адамға негізінен ауру жануарлардан жұғатын аса қауіпті инфекциялық ауру. Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева инфекцияның таралу жолдары мен одан сақтанудың негізгі шараларын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сібір жарасы қалай жұғады?

Жанна Пірәлиеваның айтуынша, сібір жарасы (anthrax) тері мен шырышты қабаттарда өзіне тән карбункулдардың пайда болуымен немесе ішек пен өкпеде қабыну-геморрагиялық өзгерістердің дамуымен сипатталады. Ауру ауыр интоксикация белгілерімен өтеді.

Инфекцияның негізгі көзі – үй жануарлары мен жабайы жануарлар. Ал үй құстары бұл инфекцияға сезімтал емес. Сібір жарасын жұқтырудың басты себебі – ауру жануармен тікелей немесе жанама байланыста болу.

Ауру бірнеше жолмен берілуі мүмкін. Ең көп таралғаны – байланыс арқылы жұғу. Мұндай жағдай жұқтырған жануарларды күту немесе сою кезінде кездеседі. Сондай-ақ адамның терісінде бұрыннан жарақат немесе зақым болса, сібір жарасының споралары сол жер арқылы ағзаға түсуі мүмкін.

Инфекция алиментарлық жолмен де таралады. Яғни ауру жұққан жануардың шикі немесе шала пісірілген етін тұтынған кезде жұғу қаупі бар.

Тағы бір жолы – сібір жарасы таяқшасының спораларымен ластанған ауаны жұту. Алайда аурудың ингаляциялық түрі дамуы үшін инфекцияның салыстырмалы түрде жоғары дозасы қажет. Қолда бар деректерге сәйкес, тыныс жолдары арқылы Bacillus anthracis бактериясының 8 мыңнан 50 мыңға дейінгі спорасы ағзаға түсуі мүмкін, - дейді маман.

Сібір жарасының адамнан адамға берілуі өте сирек кездеседі және эпидемиологиялық тұрғыдан елеулі мәнге ие емес. Дегенмен сібір жарасы карбункулынан бөлінетін сұйықтық зақымдалған теріге тигенде немесе науқастың биологиялық материалдарымен ластанған заттармен жанасқанда инфекция жұғуы мүмкін.

Жануарлар арасында аурудың алдын алу маңызды

Жануарлардағы сібір жарасы – сақтық шаралары дұрыс сақталмаса, адамға берілуі мүмкін қауіпті зооноздық ауру. Сондықтан инфекцияның жануардан адамға жұғу қаупін азайтып, оның таралуына жол бермеу үшін бірқатар талапты сақтау қажет.

Қауіп деңгейі жоғары аймақтарда жануарларға тұрақты түрде вакцинация жүргізілуі керек. Жануардан ауру белгілері байқалса немесе ол өліп қалса, ветеринариялық мамандарға дер кезінде хабарласқан жөн. Ал диагноз расталған жағдайда жануарды санитариялық талаптарға сәйкес жою немесе өлексесін тиісінше залалсыздандыру қажет.

Жеке бас гигиенасы мен қорғану шараларын сақтау да маңызды. Жұқтыруы мүмкін жануарлармен немесе олардың өлекселерімен жұмыс істеген кезде қолғап, маска және қорғаныш киімдерін пайдалану қажет. Жануарлармен немесе олар мекендейтін ортамен жанасқаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек.

Сондай-ақ сібір жарасымен ауырған жануарлардың қанымен, тіндерімен немесе өнімдерімен жанасудан аулақ болған жөн.

Жануар өлекселері мен қалдықтарын дұрыс жою қажет

Жануарлардың өлекселері мен олардың қалдықтары сібір жарасы спораларының таралуына жол бермейтін талаптарға сәйкес сақталып, жойылуы тиіс. Жұқтырған материалдарды өңдеген кезде сібір жарасының спораларын жоюға рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарын пайдалану қажет.

Аурудың алдын алуда ақпараттандыру мен оқытудың да маңызы бар. Фермерлерге, ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен ветеринариялық мамандарға сібір жарасының белгілері және оның алдын алу шаралары түсіндірілуі керек. Жануарлармен және олардың өнімдерімен жұмыс істеген кезде санитариялық нормаларды сақтау қажет.

Сонымен қатар эндемиялық аймақтарда қоршаған ортаны, әсіресе жануарларды ұстау жағдайларын тұрақты бақылауда ұстаған жөн. Ветеринариялық тексерулер мен зертханалық зерттеулер де жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

Осы сақтық шараларын орындау сібір жарасының жануарлардан адамға берілу қаупін едәуір төмендетеді. Жануарда немесе адамда ауруға күдік туындаған жағдайда диагноз қою және тиісті ем алу үшін шұғыл түрде мамандарға жүгіну қажет.