Шалғай ауылдың тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің барлық аймағында «Медицина жаныңда!» акциясы өткізіліп жатыр. Осыған орай, Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы, Құтарыс ауылдық дәрігерлік амбулаториясында акция ұйымдастырылды.

Іс-шарада «Қарабұлақ» Сайрам аудандық ауруханасының педиатр, хирург, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша дәрігері, невропатолог және стоматолог тұрғындарды жолдамасыз қабылдап, тегін кеңес берді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарға жылжымалы флюорография, қан кұрамындағы холестерин және қантты анықтайтын құрал, тонометр, фонендоскоп тексеру құрал-жабдықтары арқылы тексерулер жүргізілді.

Акцияның мақсаты – ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауға қатысты мәселелерді шешу, тұрғындардың өтініштерін қарау, әріптестер арасында тәжірибе алмасу, ауылдық жерлерден тәжірибелі дәрігерлер мен фельдшерлерді табу және оларға қолдау көрсету.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына бүгінде тегін медициналық көмектің қолжетімділігі және 2020 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде (СМС) сақтандырылған адамдар үшін не қажет, әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде қандай көмектің қолжетімді болатыны, ауылда медициналық көмек алу үшін қандай мүмкіндіктері бар болатыны туралы ақпараттар берілді.

Қазіргі таңда денсаулық сақтауды дамытудың маңызды бағыттарының бірі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін күшейту және өңір тұрғындарын жалпы практика дәрігерлеріне қолжетімділікпен қамтамасыз ету.


Айта кетейік, Түркістан облысында 1981747 тұрғын тұрады. Жалпы, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 710 мекеме болса, оның ішінде 191 дәрігерлік амбулатория, 260 фельдшерлік амбулаториялық пункті және 211 медициналық пункті бар. Облыстағы медицина мекемелерінде 4993 дәрігер жұмыс істейді. 2019 жылы тағы 126 жалпы практика дәрігерінің учаскесін ашу жоспарлануда. Бұл бір дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асырыла бастайды. Осы ретте, халық арасында ақпараттандыруға қатысты үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сала мамандарының айтуынша, егер азаматтар жеңілдік берілген санатқа жататын болса, онда ол үшін жарнаны мемлекет төлейді.

«Жүйенің негізгі көздегені – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің уақтылы, сапалы әрі тиімді көрсетілуін қамтамасыз ету. Бір айта кетерлігі, аталған жүйеге халықтың ұсыныс-тілектеріне байланысты бірқатар өзгерістер еніп, толықтырылуда. Яғни, жүйеге жарна аударудан босатылған санаттар құрамы қайта жасақталды. Ал бұл санатқа балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, бала туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты, баласы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс алған адамдар, мүгедек бала күтімінде отырғандар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер, сот үкімі бойынша қылмыстық атқару мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер кіреді. Егер азаматтар жеңілдік берілген санатқа жататын болса, онда ол үшін жарнаны мемлекет төлейді», - деді, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы бөлім басшысының міндетін атқарушы Лаура Сапарбекова.

Жалпы, «Медицина жаныңда!» акциясына облыстың барлық аудан, қалаларындағы білікті дәрігерлер үлес қосып, аудан, қала аумағынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы