Шалқар радиосы "Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы" байқауының жеңімпазы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында жарияланған "Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы" атты халықаралық ашық шығармашылық конкурс өз мәресіне жетті. Аталған байқаудың "Үздік радиоматериал" аталымы бойынша Шалқар радиосы жеңімпаз атанды. Бұл туралы "Қазақ радиолары" ЖШС хабарлады.  

Байқау тәуелсіздік жылдарында еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен "Назарбаев моделін", Елбасының идеялары мен жүзеге асқан бастамаларын бұқара жұртқа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған болатын.  

Іс-шараның ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы кітапханасы мен қоры.


"Үздік радиоматериал" аталымы бойынша Шалқар радиосының редактор-жүргізушісі Нұрмат Мансұр бірінші орынды иеленді. Байқауға "Азаттық айнасы - Астана" атты радиохабарын ұсынған Нұрмат бағдарлама аясында астаналардың адамзат тарихында алар орнын және тәуелсіздіктің тұмарындай болған жаңа елордамыздың салыну тарихын, аз жылда жеткен қыруар жетістіктерін жан-жақты зерделеп, таразылай білген. 

Бағдарлама барысында 1997 жылы Елорданың тұсаукесер шарасында Елбасының арқаға қоныс тепкен астана жайлы айтқан ой-пікірлері, сондай-ақ көршілес мемлекет Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың қазақшаға тіл сындырып, қазақ жұртының жаңа шаһарына жолдаған құттықтау лебізі де берілген. Радионың "Алтын қорынан" алынып берілген бұл дауыстар өз кезегінде хабардың мазмұнын байыта түскен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы