Шәкіртін зорлап, есірткі сатқан ұстаз: Бейсембаев мектептердегі кездейсоқ "мұғалімдер" туралы айтты

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде кездейсоқ мұғалімдер бар екенін айтып, олардың санын азайту үшін барлық білім мекемесі жұмыс істеуі керегін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ашық ақпарат көздерінде үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі қыздың сабақ берген мұғалімінен жүкті болуы, мектепте тұрақты түрде сабақ беріп келген ұстаздың есірткі саудасымен айналысып келгені сияқты ақпарат көп. Мұның бәрі өз кезегінде дәлелденген ақпараттар. Есірткімен айналысатын ұстаздың болуы, өзінің шәкіртін зорлап келген мұғалім әрекеті сияқты жағдайлар ұстаз деген ұлы миссияға лайықты болмаса да, кейбір азаматтардың білім саласын майшелпек етіп, жан бағып жүргендігін көрсетпей ме? Неге бұл салада бақылау аз болып жатыр? – деп сұрады журналистер.

Оқу-ағарту министрі бұл өте өзекті мәселе екенін айтты.

Елімізде 600 мыңға жуық педагог бар. Сіз айтып отырған мәселені мен де естіген сайын ұяламын. Оны тіпті әрі қарай көбейтіп бере аламын. Тек қана ол жағдайлар емес, мысалы, дипломды сатып алып мектепке тұрған әріптестеріміз, азаматтарымыз туралы да естіп, жағамызды ұстадық. Осы сияқты мәселелерді тізе беруге болады. Мұндай жағдайларды 600 мың педагогке бөлгенде 1 пайызға да жетпейді. Бірақ бұл болмауы керек жағдайлар. Басқа салаға сияқты біздің де салаға кездейсоқ адамдардың кіріп кетіп жатқанын білемін. Оларды мұғалім, педагог деп айтуға аузым бармайды, - деді Ғани Бейсембаев.

Бас ұстаз бұл кездейсоқ адамдар мұғалімдердің атына дақ келтіріп жүргенін өкінішпен айтты.

Айтуынша, олар кезінде мұғалімнің айлығын көтергеннен кейін салаға қызығып, жұмысқа тұрған адамдар. Бейсембаев қазіргі «Мақсатты мектеп» жобасы осындай кездейсоқ «мұғалімдерді» анықтап, оларға көмектесіп, нағыз мұғалім болуға көмектесуді не болмаса қолдарынан келмесе мамандығын ауыстыруға ұсыныс беруді көздейтінін айтты.

Кез келген адам мұғалім бола алмайды. Мұғалімнің қызметі қиын деп жүргендер – осы кездейсоқ мұғалімдер ме деп ойлаймын. Өйткені кез келген мамандық қиын. Мамандықты қиын деген адам мамандығын дұрыс таңдамағанын білдіреді. Яғни ол мамандығын ауыстыруы керек. Ал нағыз мамандар одан күш, рух алады. Сондай-ақ ол өз жұмысын сапалы орындайды. Және осындай келеңсіз жағдайларға ешқашан жол бермейді. Саламыздағы кездейсоқ адамдардың санын азайтуға жұмыс істеуіміз керек, - деп түсіндіріп, Бейсембаев оған барлық білім мекемесі атсалысуы қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы