Шәкіртақы неге кешікті?

Батыс Қазақстан облысында колледж студенттерістипендияларын ала алмай жүр. Бұл туралы әлеуметтік желіде Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің студенттері өз шағымдарын жеткізген. Оқу орнының шәкірттері жаңа жылдан бастап стипендияның екіге бөлініп беріле бастағанын, ал өткен айдағы төлемнің жартысы наурыздың 20-ы күні түскенін, қалғаны әлі күнге жоқ екенін айтады. BAQ.KZ тілшісі осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасынан мәселенің мән-жайын сұраған болатын.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап базалық стипендия көлемі екі есеге ұлғайды. Бұрын стипендия толықтай жергілікті бюджеттен төленіп келсе, енді жартысы, яғни 41 мың 896 теңгенің 20 мың 948 теңгесі республикалық бюджеттен оқу-ағарту министрлігі арқылы берілетін болды. Осыған байланысты енді шәкіртақы студенттердің шотына екіге бөлініп түсетін болды», - деп хабарлайды басқарманың бюджеттік жоспарлау бөлімі.
Оқу орындарының басшылары да дәл қазір шәкіртақының республикалық бюджеттен түсуі тиіс бөлігі кешіктіріліп жатқанын айтады.
Бұл жерде оқу орындарының еш кінәсі жоқ. Қаржы жоғарыдан жетпей жатыр. Әр айдың 20-25-не дейін стипендияны толық көлемде беріп тастайтын едік. Осы айда созылып кетті. Жалпы республикалық бюджеттен түсетін ақшаның кешігуі осы жылдың қаңтар айынан байқала бастады. Бұрын ондай проблема болмаған еді. Бұл колледждердің, кәсіптік мектептердің бәріне ортақ мәселе, - дейді Ж. Досмұхамедов атындағы Орал жоғары педагогикалық колледжінің директоры Алтынгүл Қайырлиева.
БҚО Білім басқармасының басшысы Елдос Сафиуллин колледж стипендиясы таяу күндері студенттердің есепшотына түсетінін, дәл қазір басқарманың есеп-қисап бөлімі осы бағытта жұмыстанып жатқанын жеткізді.