Шәкәрім мұрасы Түркияда жарық көрді

Кітапта "Қазақ" газеті туралы өлеңінің түпнұсқа мәтіні де бар, деп хабарлайды BAQ.KZ egemen.kz-ке сілтеме жасап.

2024 жылдың соңында Анкарадағы "Bengü" (Мәңгі) бас­пасынан қазақтың біртуар ақыны, данасы, шежірешісі Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына арналған "Kazak Halkını Tefekküre Çağıran Adam Şâhkerîm Ḫudâybėrdi Oġlı" (Қазақ халқын ойлануға шақырған адам Шаһкерім Худайберді оғлы) атты кітап түрік және қазақ тілдерінде жарық көрді. 

Бұл айрықша мұра ақынның 165 жылдығына және осы басылымды жариялауға мұрындық болған Түркия Республикасының 100 жылдығы құрметіне даярланыпты.

Еңбекті алғысөз және түсініктерімен әзірлеп, Түркі дүниесі ғылыми қауы­мына ұсынған – жас түркітану­шы, PhD Бақтияр Бәтеу (Бутеев).

Оқырманның есіне бірден сала кетейік, әр кезеңде тілдік-грам­матикалық ерекшелікке сәйкес, ақынның есімі Шаһкерім, Шәкерім, Шәкәрім деп жазылған. Мұраны даярлаушы түрік оқырманына ХХ ғасыр басындағы стильді сақтап, Шаһкерім нұсқасында ұсынған. Ал қазақ оқырманына жазушы М.Мағауин нұсқасындағыдай Шәкерім деп көрсетеді.

Түркияда шыққан тарихи жи­нақ­тың ерекшелігі – ақын өлең­дері Анадолы түрікшесіне аударылып, қазақша түпнұсқасы латын әліп­биімен берілген. Қазақ тіліне тән дыбыстардың басым­дылығын көрсету үшін Анадолы түрікшесінің латын әліпбиіне негіз­делген транскрипциясы пайда­ланылған.

Ғалым Бақтияр Бәтеудің пікі­рінше, 1988 жылдан қазақ оқыр­­манына Шәкерімнің өзгеріске ұшыраған кирилл қарпіндегі заманында цензураға іліккен, егемендік алған тұста да кем-кетігі дұрыс реттелмеген нұсқасы жеткен. Осы мұраны даярлаушы-автор (Бақтияр Бәтеу) осы олқылықтың орнын үздіксіз ізденістің нәти­жесінде толтырған. Шәкәрім өлеңдерін әуелгі бас­падан шыққан түпнұсқасынан әзірлеген. Осының нәтижесінде Шәкәрімге қатысы жоқ кейбір қарабайыр сөздер мен сөз тіркестері алынып, оның орнына ақынның рухты, жігерлі сөздері түпнұсқадан әрпі мен нүктесіне дейін өзгермей сол қалпында ұсынылған. Бақтияр Бәтеу даярлаған еңбекке (мұраға) ақынның 135 өлеңі енген.

Өлеңдерді анықтау кезінде негізгі дереккөз ретінде Шәкерімнің өзі редактор әрі автор болған "Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі" (Орынбор, 1911, Кәрімов, Хұсайынов серіктестігінің баспасы), "Қазақ айнасы" (Семей, 1912, "Жәрдем" баспасы), "Қалқаман-Мамыр" (Семей, 1912, "Жәрдем" баспасы) кітаптары пайдаланылды. Сонымен қатар, "Қазақ" газетінде жарияланған "Қазақ" құтты болсын!" немесе "Керек" өлеңдері де Түркия нұсқасының (Шәкерім мұрасы) салмағын арттырады. 1911 жылы Шәкерімнің "Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі" атты прозалық туындысы жарыққа шығады. Ол шығарманың өлеңге айналған нұсқасы халық арасында ауыздан-ауызға тараған. Қаймағы бұзылмаған өлеңнің атауы "Қазақтың түп атасы – батыр Түрік" деп ел жадында қалды. Өлең­нің танымал болғаны сонша, Шыңжаңдағы қандастар ұмытпай жадына сақтап, айтып жүріпті. Өлеңнің прозадағы түпнұсқасына дәлме-дәл келетін нұсқасы "Дөр­біл­жін ауданының қисса-дастан­дары" атты еңбекте жарық көрген. Жырдың бұл нұсқасын Тарбағатай аймағы Дөрбілжін қаласының тұрғыны, зейнеткер Беделбек Еженбекұлы 1990 жылы аудан­дық мәдениет үйіне қолжазба күйінде табыс еткен. Бедел­бек Ежен­бекұлы естелігінде: "Үлкен­дер­дің аузынан бұл шежі­рені Шәке­рім Құдайбердіұлы жазған деген сөздерді естідім" деп баян­дайды, - дейді Шәкәрімтанушы Бақтияр Бәтеу.

Бақтияр Бәтеу Түркияда жария­лаған мұрада алғаш рет Шәкәрім шығармаларына жан-жақты талдау жасалған. Ол ақын еңбекте­рінде кездесетін есімдері сол кез­дегі қазақ емлесінде жазылған төрт тұлғаны анықтаған. Мысалы, Ш.Құдайбердіұлы мұрасында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ауқатты қазақтардың меценаттық қызметінің прототи­пі ретінде әрекет ететін англо-саксондық ержүрек сері Альфред Гвинн Вандербильт "Уолдер Белдет" деген атпен жүр. Хишам ибн Әбд әл-Мәлік атты омейяд халифін "Ашам патса" деген атпен берген. Күллі Тан империясын дүр сілкіндірген көшпелі дипломат Ан Лушанды – Пан-Жи-Зан хан деп атаған. Бізге таныс әйгілі Шәкерімнің суреті Абу Саид Халил оғлы Махмұдов мырзаға тиесілі болып шықты. Татар саудагерлерінің ұрпағы Шәкәрімнің немере күйеу баласы екені дәлелденген.

1913 жылы 2 ақпанда "Қазақ" газетінің 1-саны шыққанында, бұл қуанышты оқиғаны татардың "Вактъ" (Уақыт) газеті зор қуаныш­пен жазғаны мәлім. Осы жағдай Шәкәрімнің шабытын оятып, "Қазақ" құтты болсын!" атты өлең жазады.

Б. Бәтеу осы жырдың 5-шу­мағындағы сол кездің ұғымына сай "5-6 подписшикті тауып алдым" деген жол ақынның кейінгі жинақтарында түсіп қалғанын анықтайды. Сондай-ақ 7-шумақтың 3-тарамағы соңындағы "пәни" сөзі кейінгі жинақтарда "қане" болып өзгертілгенін анықтайды. Сөз жоқ, мұның бәрі – "кеңестік комплекс­тен" туған баспагер мен кітап даярлаушылар ісі.

Тұтастай алғанда, түрікше сөй­леген Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасы 85 миллиондық Түркия оқырманынан асып, 300 миллион­нан артық Түркі дүниесі оқыр­манына жетеді деп үміттенеміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы