Шахтинск жастары "Таза орман" акциясына қатысты
Қарағанды облысының тұрғындары "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясын белсенді қолдап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шахтинск қаласында автомобиль жолының бойындағы орман белдеуі ретке келтірілді.
"Таза орман" акциясына еріктілер, спортшылар, "Жасыл ел"жасағы қатысты.
Шахтинск орман алқабының ауданы – 722 гектар. Бұл қала тұрғындарының демалуға және спортпен шұғылдануға арналған сүйікті орны. Дегенмен, өзінен соң қоқысты тазалап жүруге екінің бірі дайын емес. Қала және оған іргелес кенттер жастарының бастамасымен орманды тазарту және ағаш егу бойынша тұрақты акциялар өткізіледі.
Орман – кез келген өңірдің, қаланың халқы үшін қолайлы ортаның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі. Бүгінгі таңда біздің міндетіміз – тұрғындардың табиғатқа қатысты дұрыс ойлауы мен мінез-құлқын қалыптастыру, практикалық дағдыларды игеруге мүмкіндік беру, – дейді Шахтинск қаласының Жастар ресурстық орталығы басшысының м. а. Алексей Варзаев.
Шахтинск қаласында "Таза Қазақстан" акциясы басталғаннан бері 100-ден астам еңбек ұжымы мен 10 мыңға жуық тұрғын қатысты. Осы уақыт ішінде 15 мың тоннадан астам қалдықтар шығарылды, саябақ, алаң, ескерткіштер аумағы тазартылды, мыңнан астам көшет егілді.