Шахтинск автобустары электронды төлем жүйесіне қосылады
Қарағанды облысының Шахтинск қаласының қоғамдық көліктерде жолақы құнын қолма-қол ақшасыз төлеу мүмкіндігі қарастырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Билік өкілдерінің мәліметінше, жыл соңына дейін Шахтинсктің автобустарында электронды төлем жүйесі іске қосылмақ.
Облыс орталығында 2021 жылдың желтоқсанынан автобустарда ONAY! электронды төлем жүйесі қосылып, бүгінде табысты жұмыс жасап тұр. Осы уақыт аралығында қарағандылық жолаушылар қоғамдық көліктерде жолақыны картамен немесе QR кодпен төлеуге біршама үйреніп қалды. Сондай-ақ, Электронды жүйе арқылы жолаушылар тасымалының нақты көрсеткішін алуға мүмкін болды. Жергілікті билік «ашық» жүйе арқылы қоғамдық көліктер қандай маршрут бойынша қанша жолаушы таситындығын анықтай алды. Бұл шаралар мемлекеттік бюджет есебінен автопарктерге бөлінетін субсидия көлемін түзетуге мүмкіндік беруде.
Қарағанды қаласындағы оң нәтижені ескере отырып, 2024 жылдың ақпанынан бастап облыс орталығы мен серіктес қалалар арасында қатынайтын автобустарға да электронды жүйе орнатылды. Бүгінгі таңда Қарағанды мен серіктес қалалар арасында күн сайын 320 мың жолаушы тасымалданады. Қолма қол ақшасыз төлем жалпы төлемнің 97 пайызын құрайды, - дейді Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев.
Қолма-қол ақшасыз жолақыны төлеуге мүмкіндік беретін жүйе 2023 жылы қаңтарында Саран қаласында іске қосылса, сол жылдың қарашасында Балқаш тұрғындары да электронды жүйенің қызығын көре бастады. Осы жылдың мамырынан бастап Теміртаудың автобустары да электронды төлемге қосылды. Енді бұл жаңашылдық жыл соңына дейін Шахтинск қаласында да іске асырылмақ.