Бүгiн 2026, 19:56 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Шахтадағы апат: Абай облысында газдан уланған жұмысшы қаза тауып, тағы біреуі ауруханаға түсті

Абай облысында KAZ Minerals компаниясына қарасты Орлов шахтасында газдан улану фактісі тіркелді.

Абай облысындағы KAZ Minerals компаниясына қарасты Орлов шахтасында газдың көбеюінен бір жұмысшы қаза тапты. Тағы біреуі ауруханада, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қайғылы оқиға 19 наурыз күні таңертең Бородулиха ауданында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, екі жұмысшы шахтаға жұмыс жүргізу үшін түскен. Біраз уақыттан кейін олар ес-түссіз күйде табылған.

Оқиға салдарынан жұмысшылардың бірі көз жұмды. Екіншісі ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Мамандардың болжамынша, түнгі жарылыс жұмыстарынан кейін шахта ішінде көмірқышқыл газының мөлшері күрт артқан. Құтқару жұмыстары барысында учаске бастығы да газдан уланып, медициналық мекемеге жатқызылды.

Абай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта шахтадағы газ шығу себептері мен қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда.

Компанияның баспасөз қызметі басқарма төрағасы Андрей Третьяковтың Орлов шахтасына барып, тергеу барысын жеке бақылауға алғанын хабарлады.