Шахтадағы апат: 36-шы кеншінің денесі табылды
Сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша, Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан 36 кеншінің мерт болғаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта 36 адамның денесі табылды, 10 кеншіні іздеу жалғасуда. Авариялық-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушыларының 10 бөлімшесі жұмылдырылды. Газ жағдайын бақылау жалғасуда" делінген хабарламада.
Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсету үшін Қарағанды қаласында (ТЖД 8-7212-51-72-23, АрселорМиттал Теміртау 8-7212-49-72-70) және Астанада (8-7172-70-41-08) «жедел желі» телефондары жұмыс істейді.
Айта кетейік, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.
Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.
Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды.