Шахматтан әлем чемпиондары 77 елдің арасында бірінші орынды жеңіп алды

Алматыға Италияның Монтесильвано қаласында өткен Кадеттер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары келді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жас чемпиондарға федерация президентінің өзі сыйлық ноутбуктар пен 1,2 млн. теңгенің сертификаттарын табыстады.

Айта кетейік, ҚР құрамасы бұл чемпионатта қатысушы 77 елдің арасында Үндістан мен Қытай құрамаларынан басым түсіп, бірінші орынды жеңіп алды.

Журналистердің сұрақтарына алтын медаль иегерлері Аланна Берікқызы, Марк Смирнов KazChess президенті Тимур Турлов және федерацияның атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова жауап берді. Баспасөз мәслихатына сондай-ақ жас шахматшылардың әкелері де қатысты.

Біздің балалар осындай жас болса да, ерекше берілгендігін, күресе білетінін және кез келген жағдайда сабыр сақтай алатынын көрсетті. Біз сіздерді шын жүректен мақтан тұтамыз және ешбір жағдайда тоқтамай, жаңа жеңіс пен жетістікке жетуге ұмтылуларыңызға тілектеспіз. Ал біз сіздерге бұл жолда жан-жақты қолдау көрсетеміз, - деп атап өтті Тимур Турлов.

Осыдан бір-екі апта бұрын біздің 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдеріміз Бразилияның Флорианополис қаласынан үш күміс медаль (Эдгар Мамедов, Алдияр Аңсат және Әмина Қайырбекова) және бір қола медаль (Сауат Нұрғалиев) алып келгенін, ал маусымда Үндістанның Гандинагар қаласында өткен сайыста 20 жасар Қазыбек Нөгербектің алтын медаль жеңіп алғанын айта кетейік.

Бұл Қазақстанда шахмат қозғалысын дамыту бойынша таңдалған бағыттың дұрыс екенін, ал дарын иелерін қолдау және кәсіби шахматты дамыту бағдарламалары өздерін толығымен ақтап отырғанын қуаттайды. Қазір балаларымыздың әлеуетін дамытуымыз керек, бұл үлкен нәтижеге жетудің бірден-бір жолы, федерацияның көздеп отырғаны дәл осы. Бүкіл циклден өтпей жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ұзақ уақыт бойы спортқа жоспарлы түрде инвестиция құю маңызды, яғни ақша, уақыт, үлкен жүйелік күш-жігер салу ақыр аяғында жақсы нәтиже береді, - деп атап өтті қазақстандық жас шахматшылардың жетістіктері туралы сұраққа жауап берген федерация президенті.

Федерацияның атқарушы директоры жас жеңімпаздарды және олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларын үлкен жетістікпен құттықтай келе, республикалық және халықаралық деңгейдегі турнирлерді ұйымдастырушы ретіндегі KazChess жұмысына назар аударды.

Федерацияда бірнеше жылдан бері жас дарын иелерін қолдау бағдарламасы жүзеге асырылып, қазіргі таңда 45 баланы қамтып отыр. Олар шахмат шеберлігін дамыту, жаттықтырушылармен жұмыс істеу және турнирлерге қатысу үшін атаулы материалдық көмек алады. Бүгінгі айтарлық жетістіктің барлығы Президенттің, үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың, ірі бизнестің, федерацияның бас серіктесі Freedom Holding Corp. компаниясының, ФИДЕ басшылығының және Азия шахмат федерациясының қолдауының арқасында мүмкін болып отыр. Турнир қызметі мен кәсіби шахматшыларды дайындаумен қатар, федерация шахматты оқу пәні ретінде дамытып, аймақ-аймақта осы спортты кеңінен таратып жатыр, - деп атап өтті Дәулетова Гүлмира.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы