24 Қыркүйек 2026, 23:53 Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Шахмат Олимпиадасы: Қазақстан қыздары Үндістанмен тең түсті

11 турдан тұратын Олимпиада 27 қыркүйекте аяқталады.

Самарқандта өтіп жатқан шахматтан 46-шы Олимпиаданың сегізінші турында Қазақстан әйелдер құрамасы 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Үндістанмен 2:2 есебімен тең түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Екінші тақтада Алуа Нұрман Рамешбабу Вайшалиді жеңіп, Қазақстанды алға шығарды. Ал төртінші тақтада Савита Шри Баскар Елназ Қалиахметті ұтып, есепті теңестірді.

Қалған кездесулерде Бибісара Асаубаева – Конеру Хампи және Меруерт Камалиденова – Дивья Дешмух партиялары тең аяқталды.

Сегіз турдан кейін Қазақстан құрамасы 14 ұпаймен көшбасшылар қатарында тұр. Қытай 15 ұпаймен бірінші орында. Моңғолия мен Армения құрамаларында да 14 ұпайдан бар.

Ерлер арасында Қазақстан құрамасы Босния және Герцеговинаны 3:1 есебімен жеңді. Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев партияларында жеңіске жетсе, Даниал Сапенов пен Алдияр Аңсат қарсыластарымен тең түсті.

Ерлер арасындағы жарыста Өзбекстан мен Германия 14 ұпайдан жинап, көш бастап тұр. Қазақстан құрамасы 11 ұпаймен 33-орында келеді.

Тоғызыншы турдың ойындары ертең өтеді. 11 турдан тұратын Олимпиада 27 қыркүйекте аяқталады.