Шахмат: Эдгар Мамедов пен Бибісара Асаубаева – жаңа гроссмейстерлер
14 жастағы Эдгар Мамедов пен 21 жастағы Бибісара Асаубаева жақын уақытта Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) тарапынан гроссмейстер (GM) атағына ресми түрде бекітіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Гроссмейстер бұл — әлемдік деңгейдегі ең жоғары шахматтық мәртебе.
Sharjah Masters 2025: Тарихи нәтиже
Аталған жетістік БАӘ-де өткен беделді Sharjah Masters International Chess Championship 2025 турнирінде тіркелді. Турнирге о 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер қатысты. Рейтингтері — 2453 пен 2771 аралығында болды.
Қазақстандық шахматшылар турнирде тамаша нәтиже көрсетті:
- Эдгар Мамедов (2492, +16.9 рейтинг ұпайы) — 24-орын;
- Бибісара Асаубаева (2494, +15.3) — 28-орын;
- Ринат Жұмабаев (2551, +5.2) — 29-орын.
Бибісара Асаубаева турнирде әйелдер арасында үздік нәтиже көрсетіп, Қытай, Үндістан сынды шахмат алпауыттарының өкілдерінен озып шықты.
Эдгар Мамедов бұған дейін гроссмейстер нормаларын орындап қойған болатын. Ал осы турнирде 2500 рейтинг шегінен асып, атаққа толық лайық екенін дәлелдеді.
Бибісара Асаубаева үшін бұл — үшінші гроссмейстерлік норма. Сонымен қатар, ол да 2500 рейтинг шегінен өтті. Бұл жетістік оған әйелдер арасынан Қазақстанда екінші гроссмейстер болуға мүмкіндік береді.
Енді шахматшылардың гроссмейстер атағы FIDE Президенттік кеңесінің (2025 жылдың екінші отырысы) шешімімен ресми түрде бекітіледі.