Шағын электр станцияларының иелеріне ерекше жағдай жасалады

Мәжіліс “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов заң жобасына Парламенттің депутаттары бастамашылық еткенін атап өтті.

Заң жобасы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объектілерді дамытуды қолдауға бағытталған.

Заң жобасының негізгі нормалары мыналарға:

  • «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект» ұғымын енгізуге;
  • уәкілетті органның электр желілеріне қосу және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объектілерді пайдалану қағидаларын әзірлеу жөніндегі құзыретін бекітуге;
  • электр энергиясын немесе жылу энергиясын өндіру немесе жаңартылатын энергия көздерінің объектісі өндірген электр энергиясын сату жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты нетто-тұтынушыларды дара кәсіпкер ретінде тіркеуден босатуға;
  • уәкілетті органның нетто-тұтынушылардың энергия өткізу ұйымдарымен өзара іс-қимылын біріздендіру мақсатында нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шартын әзірлеу және бекіту жөніндегі құзыретін бекітуге;
  • жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша шағын ауқымды объектінің белгіленген қуатын 100-ден 200 киловатқа дейін ұлғайтуға;
  • нетто-тұтынушыларды электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді төлеуден босатуға бағытталған.

Парламент Мәжілісінің комитеттері осы заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Жұмыс тобының құрамына мүдделі министрліктердің, ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ «KEGOC», KAZENERGY, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы», «Qazaq Green» өкілдері және жаңартылатын энергия көздері нарығына қатысушылар шақырылды, - деп түсіндірді депутат Смағұлов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы