Шағбан айы басталды
21 ақпан – Шағбан айының бірінші күні, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұсылман күнтізбесі бойынша Рамазан айына 30 күн қалды.
Халық арасында кең таралған Ислам ғұламасының «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбанда суарылмаса, Рамазанда қандай егін күтуге болады» деген сөзі қасиетті айлар қатарына жататын Ережеп пен Шағбан айларында Рамазанға дайындықты бастаудың маңызы айтылады.
Әбу Әмәмә әл-Бәһилидің «Шағбан айы кіргенде өздеріңді тазалап, ниеттеріңді дұрыстаңдар» деген сөзі де бар.
Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы ҚМДБ сайтында қазақстандықтарды шарапаты мол Шағбан айының келуімен құттықтап:
Осы айда ниетімізді түзеп, нәпіл ораза ұстап, мүмкіндігінше тазаланып, дұға жасап өзімізді қорғайық. Құран оқып, қиналған жандарға, науқастарға, қиындыққа тап болған мұсылмандарға Алладан жеңілдік, шипа тілейік. Өйткені, «Құран оқу – көңілдің шипасы», - деген хадис келтірді.