Шабуылдардың жүріп жатқанын көріп отырмыз – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте Ирина Смирнова, Жәмилә Нұрманбетова секілді депутаттар қашықтан оқыту ұйымдаспағанын айтып, мәселе көтерген. Осыған байланысты білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді. 

347 мың мұғалімге ІТ-құзыреттілікті үйретуге бағытталған курстар ұйымдастырылған. Бірақ бүгінгі күні осындай келеңсіз жайттар болды. Тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұндай жайттың алдағы уақытта орын алмауын қадағалаймыз. Сонымен қатар, осы мәселе бойынша ата-аналардың да балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді өтінеміз. Алдағы уақытта тағы да түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. ZOOM және басқа да платформалардың барлығы ақпараттық жүйеде қауіпсіздігі сақталмаған. Сондықтан білім процесіне қатысушының өз жауапкершілігі болуы керек. ZOOM платформасына кіріп, жұмыс істеп жатқан кезде оқушының сұранып кіруін, өзінің тегін дұрыс атауын, одан кейін іштегі ақпаратты сыртқа шығармау және бөгде адамдардың араласпауын қадағалау қажет, - дейді Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, мектептердегі білім беру процесін дәстүрлі форматқа көшіру бас мемлекеттік санитар дәрігердің шешімімен қабылданады. 

Қашықтан оқытудың өзі бүгінгі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты екендігін тағы да бір атап өткім келеді. Әрине, санитарлық жағдай ескеріліп, ол жақсарған сайын бас санитар дәрігердің шешімімен мектептерді штаттық режимде жұмыс істеуге қайтару бойынша шаралар қабылданатын болады. Осыған қатысты министрліктің бірнеше ұстанымы бар. Ол ұстанымдарымызды тиісті, бейінді министрлікке ұсындық. Бұл мәселе бойынша жұмыс топтарымен күнделікті байланыстамыз және оны шешу жолдарына қатысты жұмысымызды жалғастырудамыз. Интернет платформаларға байланысты шабуылдардың жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мектептердегі білім беру процесін дәстүрлі форматқа көшіру бас мемлекеттік санитар дәрігердің шешімімен қабылданады, - дейді вице-министр. 

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова қашықтан оқыту форматының тиімділігіне күдік келтіріп, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Ал вице-министр өз кезегінде депутаттардың сынына ашына жауап қайтарған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы