Шабуыл деп түсінеміз. Бекболат Тілеухан митинг туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан 8 наурызда Алматыда әйелдердің рұқсат етілген бейбіт шеруіне қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Халықаралық әйелдер күнінде Алматы қаласында 5 феминистік ұйымның шеру ұйымдастырғаны белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жарыққа шыққан бейнелерді қарап отырмыз. Шеруге шыққандардың Алматы қаласы әкімдігіне берген өтінімде көрсетілген сұрақтардан басқа дүниетанымымызға, болмысымызға жат дүниелерді көтергені, тіпті Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымдардың (Көше партиясы) лозунгтарын көтергендердің бар болғаны байқалады, - дейді Бекболат Тілеухан.

Ол бұл шеру бір қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шеру секілді көрініс алатынын, алайда шерудің күн тәртібі мүлде басқа арнаға бұрылып кетті деп санайды. 

Белсенділердің сөйлеген сөздері бүкіл әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр. Ол видеоларды біздің балаларымыз да көреді. Бұл баршамыздың рухани құндылықтарымызға жасалған шабуыл деп түсінеміз. Сол себепті де ұрпақтарымызды осы сынды ақпараттардан сақтау жолында әрекет етуіміз қажет, - дейді депутат.

Ол Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа мынадай сауал жолдады:

1) Алматыдағы шерудің заң талаптарына сай болған-болмағанын, экстремистік топтардың еркін алаңға шығуына қала әкімдігі жол берген-бермегеніне сараптама жасауды;

2) Балаларды зиянды ақпараттан қорғау бағытында жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын Парламентке енгізуді қарастыруды және жауабын ҚР заңдарында көрсетілген тәртіппен жазбаша беруіңізді сұраймын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы