Үш қызды жәбірлеген өгей шешеге шектеу шаралары қарастырылады

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кешеден бері әлеуметтік желілерді кәмелет жасына толмаған үш қыздың өгей шешесі жәбірлеп келгені туралы материал шарлап кетті. Бүгін осы оқиғаға байланысты Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті.

Жан түршіктірерлік оқиғаға байланысты Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Қаракөзова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова түсініктеме берді. 

«11 сәуір күні Жетісай ауданындағы орта мектептің мұғалімдері мектепке әртүрлі дене жарақатымен келген үш қызды анықтаған. Аталған мектеп директоры аудандық білім бөліміне кәмелет жасына толмаған апалы-сіңлілі үш қызда дене жарақаты бар екенін хабарлады. Ертеңіне, 12 сәуір күні Жетісай аудандық полиция бөлімінің тарапынан ҚР Қылмыстық Кодексінің 140 бабы, 2 тармағы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) іс тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», - деді Салтанат Қаракөзова.  


Қазіргі таңда балалар Жетісай аудандық орталық ауруханасында дәрігерлер қарауында жатыр. Олардың денсаулығы мен өміріне еш қауіп жоқ. 

«Мұндай жағдайда мектеп ұжымының не істеу керектігі туралы өзінің алгоритмі бар, яғни сынып жетекшілері дер кезінде қолға алып, тиісті шара қолдана білді. Мектеп басшылығы мен сынып жетекшілері өз жұмыстарын дұрыс атқарып жатыр. Бұл жағдай қазір аудандық прокуратура мен аудандық әкімшіліктің бақылауында», - деді Ардақ Садықова.

Айтқандай, бұл істі облыс прокуроры өз бақылауына алды. Сондай-ақ, бүгін күдікті азаматшаға қатысты шектеу шаралары қолданылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы