ШҚО тұрғыны сегіз жылда мал басын мыңға жуықтатқан
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттен қолдау тауып, төскейді төрт түлікке толтырған жармалық "Жан" шаруа қожалығы мал басын мыңға жуықтатқан.
Қалбаның төскейін төрт түлікке саялатқан "Жан" шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған болатын. Бүгінде алты мың гектарға жуық алқаптың жартысын жайылым, жартысын шабындық ретінде пайдаланып отырған шаруашылық сегіз жыл бұрынға мал саны көрсеткішін он еселеп, мыңға жеткізген.
Еліміз аяғына енді ғана қаз басқан кезде шаруашылықтың жұмысын қолға алған болатынмын. Алайда сол кездегі қиын жағдай араға он жыл салып барып қана шаруашылық жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік берді. 2004 жылы облыстық бюджеттен екі миллион теңге қаражат алып, 300 тоқты сатып алдым. Осы Жаңа Атығай қыстағын алып, жұмысты бастап кеттім. 2011 жылы Аграрлық несие корпорациясынан 15,5 миллион теңге несие алып, қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіруді қолға алдым, – дейді "Жан" шаруа қожалығының басшысы Шыңғыс Абдраимов.
Осылайша сатып алынған 100 бас асыл тұқымды ақбас сиырды бордақылаумен қатар санын көбейткен Абдраимовтар жанұясы бұл істі отбасылық бизнеске айналдыра білді. Бүгінде Шыңғыс Абдраимовтың тұңғышы Нұртуған шаруашылықтың қаржылық жағын өз қолына алса, кіші ұлы Дәурен мал мен малшыларға бас болуда.
Мемлекеттен алған қаржыны тиімді пайдалана білу де өнер. Қазіргі заманда осындай несие алған көпшілік оны мақсатсыз жұмсап жатады. Біз болсақ, әр тиынды есепке алып, белгілі бір мақсатқа жұмсадық. Осының арқасында мал басын қазіргі уақытта 961 басқа жеткізіп отырмыз. Бұйыртса бірнеше айда жаңа төлдеген бұзаулар санымен мал басы мыңнан асады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Нұртуған Манап.
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның сенімді қарыз алушысына айналған "Жан" шаруа қожалығы осыған дейін аталмыш ұйымға үш рет жүгініп, жеңілдетілген пайызбен несие алған екен. 2011 жылы – 15,5 млн теңге қаражат алса, 2016 жылы 39 млн 250 мың теңге алған. Аграрлық несие корпорациясынан "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы 2019 жылы алынған 38 млн теңге қаражатқа Қостанай өңірінен 139 бас қазақтың ақбас сиырын алып келген олар қазірде 15 жергілікті тұрғынды тұрақты жалақы алатын жұмыспен қамтыды. Бұдан бөлек, мал басының санын көбейтумен қатар, оларға жайлы жағдай жасауды да қатар қолға алған қожалық иелері соңғы екі жылда қораларды жайластырып, тиімді мал суару жүйелерін жасаған.