ШҚО тұрғындары бірыңғай жиынтық төлемді аудара бастады
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары алғашқы бірыңғай жиынтық төлемді аудара бастады. Бұл жөнінде ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
«Егер адамның жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 1175 есесінен (2 966 875 теңге) аспаса – бірыңғай жиынтық төлем төлеуге міндетті. Оның көлемі республикалық, облыстық маңыздағы қала тұрғындары үшін табысына қарамастан 1 АЕК (2 525 теңге) болса, ауылдықтар үшін 0,5 АЕК (1 263 теңге) деп белгіленген. Аталмыш төлем төрт бөліктен тұрады. Оның 10 пайызы жеке табыс салығына, 20 пайызы әлеуметтік аударымға, 30 пайызы зейнетақы аударымына, 40 пайызы міндетті медициналық сақтандыруға аударылады. Көпшілік «осыншама аз соманы ай сайын төрт бөлікке аударғаннан не пайда?» деп ойлауы мүмкін. Алайда негізгі мақсат – төлемнің мөлшерінде емес, оның берер мүмкіндіктерінде екенін ескерткім келеді. Мұндай төлемді тұрақты жасап отырған азаматтың бірінші кезекте бірқатар медициналық қызмет түрлерін тегін алуына жолы ашылса, екіншіден бұл адамның жұмыс өтілі саналатын болады. Яғни болашақта бұл азаматтың базалық зейнетақы алуға деген толық құқығы болады деген сөз», - деді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Жазира Адамбаева.
Жауапты тұлғаның айтуынша, бірыңғай жиынтық төлемді бір жылға бірақ төлеу мүмкіндігі жоқ көрінеді. Ол тек айына, тоқсанына және жарты жылдыққа бір рет жасалады. Яғни, бұл әр тұрғынның «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне немесе екінші деңгейлі банкке барып және түрлі мобильді қосымшалар арқылы мұндай төлемді аталған мерзімдерге алдын ала жасай алатынын білдіреді. Бірақ төлемақыны өткен айлар үшін кешіктірсеңіз оны қайтара төлеуге мүмкіндік жоқ және төлемақы жасалмаған айларға жұмыс өтілі есептелмейді.
«Бұл төлемнің бір ерекшелігі – ешкімнің бұл үрдіске мәжбүрлі түрде жұмылдырылмауында. Атап айтсақ, болашағын қамтамасыз ету әр адамның өз еркіне берілген. Сонымен қатар мұндай төлемақының оңтайландырылған әдіспен істелуі. Яғни бірыңғай жиынтық төлем аударатын азаматқа салық органдарына тіркеліп, есеп беруінің қажеті жоқ. Ол үнемі бірыңғай тізілімде аталмыш төлемақы түрін төлеуші ретінде тіркеліп тұрады», - деп қосты департамент маманы.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: автор