ШҚО шаруалары суармалы алқаптардың 47 пайызын кәдеге жаратуда
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстағы шаруалар суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруда суды үнемдеу технологияларын кеңінен қолданып отыр.
"Жер – баптай білгенге азық, бағалай білгенге баспана" демекші, Шығыс өңірінің көк айдын көлдер мен сарқыраған өзендерге бай екені бесенеден белгілі. Десек те, жерұйықтай жері жайсаң аймақтың аптап ыстықтың аңызғағында сортаңданып, көк майсасы қурап қалатын жерлері де жоқ емес. Көктемгі қар суынан қор жинайтын кейбір өзендер жаз маусымына қарай құмға сіңіп, елге де, жерге де пайдасы болмай қалады. Осы ретте суару жүйесін оңтайластырып, ретке келтіру - бірінші кезектегі мәселе. Жер жәннаты Жетісудан кейінгі орынды алатын суы мол Шығыс өлкесінде бүгінгі таңда 195 741 гектар суармалы жері бар. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өткен жылы оның 94,7 мың гектары, яғни 47 пайызы пайдаланылған екен.Суару жүйелерін кешенді қайта жаңарту және су үнемдеу технологияларын енгізу суару суының шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жерлерін суарудың прогрессивті тәсілдерін енгізу бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатыр, - дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ербол Қуанышев.
Құзырлы мекеменің хабарлауынша, бүгінгі күні өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарының бірқатар бөлігін суаруда жаңбырлатып және тамшылатып суару сияқты екі әдіс қолданылатын көрінеді. Бұл, бірінші кезекте, суаруда қолданылатын суды үнемдеу мақсатында қолға алынған шаралар. Өткен жылы су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы пайдаланылған жер көлемі облыс бойынша 9,8 мың гектарды құраған. Оның ішінде жаңбырлатып суару – 8,9 мың гектарды, ал тамшылатып суару – 0,9 мың гектарды құраған екен.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша ынталандыру мақсатында жыл сайын республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қаражат бөлінеді. Бұл сома суару жүйелерін құруға және кеңейтуге арналған шығындарды 50 пайыз өтеуді көздейді, - дейді Ербол Қуанышев.Сондай-ақ, мемлекет тарапынан бекітілген су тарифіне байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға қаражат бөлінеді. Құзырлы басқарманың берген мәліметіне сүйенсек, 2019 жылы осы бағдарлама бойынша 156,8 млн теңге қаражат игерілсе, биыл осы мақсатта 200 млн теңге бөлініп отырған көрінеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Елбасының халықаралық бастамалары
Келесі жаңалық
Израиль премьер-министрін қамауға алу туралы ордер берілді
Өзгелердің жаңалығы