ШҚО-ның денсаулық сақтау ұйымдарында өзгерістер орын алады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Карантинге байланысты облыстың басты екі қаласында енгізілетін қосымша шектеулерге орай денсаулық сақтау саласында да бірқатар өзгерістер орын алды.
Бұл туралы бүгін тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекция бойынша провизорлық бақылауда 52 адам, ал карантиндік стационарда 61 адам жатқан көрінеді. Олардың барлығының жағдайы қалыпты, ауру белгілері жоқ. Үй карантинінде 662 адам бар. Барлығы оқшауланып, күнделікті медицина қызметкерлерімен қоңырау шалу арқылы бақыланып отырады. Кейбір жағдайларда дәрігерлер полиция қызметкерлерімен бірлесіп, олардың нақты уақытта үйде отырып-отырмағанын тексеріп отырады. Сонымен қатар облыста арнайы алгоритм әзірленген. Осыған сәйкес қазіргі уақытта облыста инфекциялық стационар төсегінің саны 500 болса, провизорлық төсектер саны 600. Ал карантиндік төсектің саны 2505. Керек жағдайда инфекциялық төсектің санын 913-ке, провизорлық төсек саны мыңға, карантиндік төсектер саны 4500-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 212 арнайы тест жүргізіліп, оның 210-ы теріс нәтиже көрсеткен. Екеуі өкінішке орай оң нәтиже көрсетіп, коронавирустық инфекция анықталған. ПЦР анализінің нақтылығы мен дәлдігі дәлелденген. Ол тест сынамалары Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, АҚШ сияқты елдерден әкелініп, арнайы сертификаттаудан өткен. Қазіргі уақытта облыс бойынша жалған теріс және жалған оң нәтиже жоқ. Барлық анализдердің нақты дәлелі бар. Сондай-ақ еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің қабылдаған шаралары аясында мұндай тестер елімізде, соның ішінде облысымызда да жеткілікті. Қажет болған кезде уақытылы жеткізіліп тұрады. Біздегі медициналық ұйымдар коронавирустық инфекциямен күресуге барлық құрал-жабдықтармен және препараттармен толық қамтамасыз етілген.
Коронавирустық инфекциясы анықталған Семей қаласының екі тұрғыны жайында қосымша ақпарат берсек, қазіргі уақытта 1959 жылы дүниеге келген ер азаматтың коронавирустық инфекция жұқтырғаны нақты дәлелденген. Оған екі жақты ошақты пневмония диагнозы қойылған. Бүгінгі таңда оның жағдайы қалыпты ауыр. Бірақ жасанды демалдыру аппаратына қосылмаған. Қарқынды емдеу бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Оның жұбайы болып келетін әйел азаматшаның да коронавирустық инфекция жұқтырғаны дәлелденген. Қазіргі мезгілде оның жағдайы орташа қалыпты, қажетті ем-шараларды қабылдап жатыр. Аталмыш дертке шалдыққан барлық адамдар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау басқармасының берген нұсқаулары бойынша емдеу шараларын қабылдап жатыр. Олармен қатынаста болған азаматтардың барлығы анықталып, арнайы тест сынамалары алынды. Барлығының тест нәтижелері теріс болып шықты, - деді Ілияс Тұңғышқанұлы.
Бұдан бөлек, облыстың аудан, қалаларындағы дәрігерлерге мобильді көмек беретін қосымша дәрігерлер де дайындалған. Шектеу шараларының енгізілуіне орай өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысында да бірқатар өзгерістер орын алған. Атап айтсақ, дәрігерлер полиция қызметкерлерімен бірлесіп қалалардың кіреберістерінде қойылған блокпостарда медициналық тексерістер жүргізуде. Сонымен қатар, тұрғындардың емханаларға баруын шектеу мақсатында дәрігерлік кеңестер қашықтықтан беріліп, қажет болған жағдайда дәрігерді үйге шақыру тәжірибесі енгізілді. Қосымша шектеулерге орай ертеңнен, яғни 1 сәуірден бастап барлық жоспарлы емханалық және ауруханалық ем қабылдаулар тоқтатылады. Дегенмен, бұл шектеу онкологиялық, гемотологиялық және гемодиализдік тәуелділігі бар науқастарға қатысты емес. Аталған санаттағы науқастарға көрсетілетін дәрігерлік көмек ары қарай жалғаса береді. Ал қалаға сырттан, яғни аудан, қалалардан келіп ем қабылдайтын осындай науқастарға қала әкімшілігі тарапынан блокпосттардан өтуге мүмкіндік беретін арнайы рұқсатнама береді.
Тұрғылықты мекенжайлары бойынша азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтерге учаскелік дәрігердің үйге келіп қарауы, егер стационарлық бақылауда болса қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізіп беру жатады. Сонымен қатар мемлекеттік медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде де дәрілік препараттар алатын азаматтарға қажетті дәрі-дәрмектерді медицина қызметкерлері үйлеріне жеткізіп береді. Карантиндік жағдайда қала тұрғындары еңбекке жарамсыздық парағын қашықтықтан, яғни өзі тіркелген емханаға қоңырау шалу арқылы ресімдетуіне болады. Жоспарлы медициналық тексерістер, оның ішінде компьютерлік томография, МРТ, скринингтер, стоматологиялық көмек, арнайы дәрігерлердің кеңестері уақытша тоқтатылады. Бірақ жүкті әйелдерге көрсетілетін кеңестер ары қарай жалғаса береді. Қажет болған жағдайда олар перзентханаларға жатқызылады. Жедел жәрдем қызметі еш шектеусіз 100 пайыз көрсетіледі. Сондай-ақ жедел стоматологиялық көмек те көрсетіледі, - деп қосты басқарма басшысы.
Қоса кетсек, қазіргі уақытта облыста медициналық көмек бойынша бірыңғай Call-орталықтардың Өскемен қаласы бойынша 701-131, ал Семей қаласы бойынша 600-500 нөмірлері жұмыс істеп тұр.