ШҚО-ның ауыл-қалаларына он мың жаңа көше шамы орнатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлады.

Атап айтсақ, тараптар облысымыздың қалалары мен аудан орталықтарындағы көше шамдарын жаңарту жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Аталмыш рәсімге облыс әкімі Даниал Ахметов пен ЕҚҚДБ-ның Орталық Азия елдеріндегі басқарушы директоры Бруно Балванера қатысты.

Шығыс Қазақстанға алғаш рет келіп тұрған мәртебелі мейманға аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы қысқаша мағлұмат берген Даниал Кенжетайұлы облысымыз аталған қаржы ұйымымен әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлім етті.

«Сіздердің банктеріңізбен бірлескен жобаларымыз өте көп. Бұл сөзіме банктің Қазақстандағы жобаларының 29 пайызы біздің облысқа тиесілі екені дәлел бола алады. Енді осы әріптестігімізді жаңа деңгейге көтергіміз келеді. Есіңізде болса, 90-шы жылдары Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржылай қолдауы еліміздің ірі қалаларына қатысты жобалармен ғана шектелетін. Ал қазіргі жағдай басқа, қаржы ұйымы облыстардағы, аудандардағы жобаларға да қызығушылық таныта бастады. Бұл өте қуантарлық жайт», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Шығыс Қазақстан облысы мен Еуропалық банк арасындағы байланысты нығайтуға қаржы ұйымы да мүдделі екен. Мұны Бруно Балванера мырза да айтты.

«Бұл – менің Қазақстанның Шығысына жасаған алғашқы сапарым. Өңірлеріңіздің қай салада да әлеуеті зор екен, әсіресе туризм мен бизнесті дамытуға мүмкіндік мол. Сол себепті енді осы салаларға қатысты жобаларыңызды да қаржыландыруға дайын екенімізді айтқым келеді. Ал көше шамдарын жаңарту мәселесіне келсек, бұл өте тиімді жоба болайын деп тұр. Осы жұмыстың нәтижесінде сіздер кем дегенде 50, әйтпесе 60 пайыз электр қуатын үнемдейтін боласыздар. Бұған қоса Шығыс Қазақстанға қатысты жоба өзге өңірлердікімен салыстырғанда инновациялық екенін де айту керек», – деген Балванера мырза 2017 жылы қолға алынған жоба екі кезеңнен тұратынын, оның біріншісінде Өскемен мен Семей қалаларындағы көше шамдары жаңартылғанын, ал екіншісі облыстағы 16 аудан орталығы мен шағын шаһарларды қамтитынын хабарлады.

Жоба бойынша алдағы уақытта облыс аумағындағы 225 мыңнан астам тұрғыны бар ауыл-қалаларда он мың жаңа көше шамы орнатылмақ екен.

Айта кетейік, ЕҚҚДБ Шығыс Қазақстан елді мекендерін заманауи жарықтандыру жүйелерімен қамту жобасына шамамен сегіз миллион еуро көлемінде қаржы бөлмек. Аталған қарыз он жыл ішінде қайтарылуы тиіс-тін.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы