ШҚО мұғалімдері жаңа IT сыныптарда сабақ өткізуге дайын

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысының әкімі сәуір айының соңына дейін өңірдегі мектептерді IT сыныптарымен, ал мұндай жеке сыныптарды ашуға мүмкіндігі жоқ шағын жиынтықтағы мектептерді интерактивті тақталармен жабдықтау туралы тапсырма берген болатын.

Елбасының Жолдауы және «Менің мектебім» өңірлік жобасын іске асыру аясында, 2018 жылы облыстағы оқушылардың 80% білім алып жатқан, толық комплектілі 277 мектеп Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты үлгісіне сай пәндік кабинеттермен, заманауи ІТ және робототехника сыныптарымен жабдықталған болатын. Қазіргі таңда облыстағы шағын жиынтықтағы мектептердегі 378 ІТ-сыныпты жабдықтау аяқталуда. Ол үшін облыс бюджетінен 900 миллион теңге бөлінген. Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық шағын комплектілі мектептерде 500 интерактивті тақта

орнатылады. Олар соңғы цифрлық технологиялар негізінде, оқушыларға жаратылыстану мен ғылыми пәндерді еркін және сапалы меңгеруге толық мүмкіндік береді.

Наурыздың алғашқы күндері Ұлан ауданындағы Базылбек Ахметов атындағы мектепте осындай ІТ-сыныбының ашылу рәсімі өтті.

«Оқушыларды жаңа «ІТ-сыныптарында бағдарламалау және модельдеу» пәніне оқыту үшін Семей қаласының Электротехника колледжінің базасында облыстың шағын комплектілі мектептерінің 573 мұғалімі арнайы курстық дайындықтан өтті. Барлық мұғалімдер әдістемелік құралдар және арнайы бағдарламалармен қамтамасыз етілді. Бұл ауыл балалары үшін бағдарламалау, 3D модельдеу және мехатрониканы оқып үйренудің жаңа мүмкіндіктерін ашады», – деді ІТ сыныптың ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Қоса кетсек, бүгінгі таңда облыстағы шағын комплектілі мектептерде 25 мың бала білім алуда. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы