ШҚО әкімі: Қызыл ту өткеліне көпір міндетті түрде салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданына апаратын Қызыл ту өткеліне көпір міндетті түрде салынатынын мәлімдеді. 

Көпір туралы мәселе бізге белгілі. Президенттің тапсырмасын сөзсіз орындаймыз. Қазіргі кезде жобамыз бар. Аз уақыттың ішінде өзіміздің арнайы рәсімдік жұмыстарды өткіземіз. Менің ойымша, осы жобаға бюджеттен қаражат бөлінеді. Мүмкін оған шетелдік инвесторлар тартылады, - деді Даниал Ахметов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Өңір басшысы көпір құрылысының жобасы бойынша тендерлік процедура өткізілетінін хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды жүктеген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі жалпы өңірлік өнім 3,8 трлн теңгеге жеткендігін айтқан болатын.  Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 90 жылдардың басында аудандық мәртебеден айырылған елді мекендердің ахуалы жайлы сауалға жауап берді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы