ШҚО әкімі ІТ сыныптарға арнайы бағдарлама жасақтауды тапсырды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Сәуір айына дейін Шығыс Қазақстан облысының барлық мектептерінде ІТ сыныптар ұйымдастырылып, интерактивті тақталар алынуы қажет. Сондай-ақ, оларда толыққанды жұмыс істеу үшін арнайы бағдарлама құрастырылуы керек. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов кезекті әкімдік отырысында мәлімдеді.

«Биылғы жылы бірінші сәуірден бастап облысымыздағы барлық 656 мектепте ІТ сыныптар жұмысын ұйымдастыру керек. Қажетті көлемде компьютерлер сатып алынуы керек. Компьютерлеріміз жоқ деп айтуыға келмес, бірақ олар соңғы буындағылары емес. Алайда, бұл оларды қолдануға болмайды деген сөз емес. Олардың жылдамдықтары біз ойлағандай болмауы мүмкін, дегенмен біз бұл міндетті шешуіміз керек. Бұдан бөлек, барлық шағын жиынтықтағы мектептердегі интерактивті тақталарда күрделі тәжірибелерді жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама құрастырған жөн. Өйткені біздегі көптеген мектептер шағын жиынтықтағы мектептер. Біз оларға химия, физика, геометрия пәндерінің толық жиынтығын сатып ала алмаймыз. Осы себепті Білім басқармасына жылдың бірінші тоқсанында шағын жиынтықтағы мектептерде барлық тәжірибелерді интерактивті тақталарда өткізетін сандық бағдарлама жасақтауды тапсырамын. Сонымен қатар ІТ бағдарламасы бағытында жұмыс істейтін мектеп оқушыларын қолдау тәжірибесін жалғастыру қажет. Білім басқармасы наурыз айында біз қаржыландыратын стартап бағдарламаларына аралық талдау жүргізуі керек. Ал наурыз айында ІТ бағдарламаларға қызығушылық білдіретін оқушылар арасында форум ұйымдастырыңыздар», - деді Даниал Кенжетайұлы.

Бұдан бөлек үштілділік бағдарламасын жалғастыруды тапсырған облыс әкімі, үш жыл бұрын ағылшын тілін меңгерген мұғалімдер саны төрт пайызды ғана құраса бүгінгі таңда олардың үлесі 44 пайызға жеткенін айтты.

«Бұл дегеніміз ересектердің ағылшын тілінің пайдасы мен қажеттілігін түсініп, оны меңгерудің жемісін көруде деген сөз. Ендеше осы тәжірибені орта жолда тастамай, одан әрі жалғастыру қажет», - деді облыс әкімі.

Азамат Темірбеков

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы