ШҚО кеншілері ауыл мектебіне музыкалық аппаратура сыйлады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Полиметалл" компаниялары құрамындағы Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорыны жергілікті мектепке музыкалық аппаратура сыйға тартты.
Осылайша, алдағы білім күнін аталмыш мектеп оқушылары сапалы әуенмен қарсы алатын болды. Кәсіпорын қызметкерлерінің хабарлауынша, музыкалық кешенге қосжолақты аккустикалық жүйе, сабвуфер, дыбыс зорайтқыш, микшер, екі арналы вокалды радиожүйе мен микрофон кіреді. Мектептің бұған дейінгі музыкалық аппаратурасы ескіріп, жиі қолданысқа келе бермейтін болған.
Жыл сайын Жарма ауданы әкімдігімен меморандум жасасатын Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорыны өз бюджетіне жолдарды күтіп-ұстауға, қоқыс шығаруға, Әуезов және Шалабай кенттеріндегі оқушылардың оқуларын төлеуге қатысты қаражат қарастырып отыруды әдетке айналдырған. Биыл аталмыш кәсіпорын Әуезовтегі саябақты қалпына келтіріп, онда балалардың ойын алаңын тұрғызуды жоспарлап отыр. Меморандумға енетін нысандарды ауыл тұрғындарының өздері анықтайды. Осы себепті, жергілікті жердегі орта білім ордасының директоры да мектебіне қажетті құрылғыны сұрап, кеншілер көмегіне жүгінген екен.
Балаларға бар жақсылықты істеуге тырысамыз. Ауыл мектебі болса да, оқушылардың білімді жоғары деңгейде алғанын қалаймыз. Кеншілердің сыйға тартқан музыкалық аппаратурасы да осы іске өз үлесін қосады деп ойлаймын. Қайырымдылық шарасының арқасында әуезовтық оқушылар сапалы әуен еститініне қуанып отырмыз, - деді орта мектептің директоры Дәулет Шаяхметов.