ШҚО-да жемқорлыққа қатысты 35 іс қозғалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақтық коммуникациялар қызметінде ШҚО бойынша жемқорлықпен күрес департаменті басшысының орынбасары Әділхан Сабуровтың қатысуымен пресс конференция өтті.
Онда 2018-2019 жылы облыс көлемінде жемқорлықпен күреске қатысты жүргізілген шаруалар жөнінде кеңінен айтылды.
Әділхан Сабуровтың айтуынша, жемқорлық Қазақстандағы ең актуалды мәселелердің бірі екенін атап өтті. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлықтың алдын алу, әшкерелеу, осы салаға қатысты қылмыстық істерді тергеу амалдарын жүргізеді.
2018-2019 жылдары департамент мамандары 35 қылмыстық істі ашты, оның 28-і сотта қаралды. Ал қалған жетеуін жасаған айыптылар қылмыстарын өз еріктерімен мойындады.
Брифинг барысында Әділхан Сабуров "Дарын" ҒЗМ директоры А.К.Ғафуровқа қатысты қылмыстық істі мысал ретінде атап өтті. Айтуынша, А.К.Ғафуров 5 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметтен шеттетілген.
"Мұндай қылмыстық істердің дені мемлекеттік қызмет түрлерін кезек күтпей алғысы келгендіктен туындайды. Біз қоғам болып жемқорлықпен күресуіміз керек", - деді Әділхан Сабуров.