ШҚО-да жаз басталғалы бері 16 адам суға кетіп көз жұмды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыста жыл басталғалы бері 28 адам, оның ішінде 6 бала суға кетіп көз жұмған.
Бұл туралы бүгін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Титов ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында хабарлады.
Бүгінгі таңда облыс аумағында 359 демалыс орны анықталса, оның 180-і өзен, көлдердің бірінші сызығында орналасқан. Сонымен қатар, әкімдік шомылуға тыйым салынған 64 жерді анықтаған. Жыл басынан бері облыс аумағында 28 адам ажалын судан тапса, оның 16-сы тек шомылу маусымы басталған, яғни 1 маусымнан бергі аралықта суға кетіп көз жұмғандар. Суға түсу маусымының басынан бергі аралықта 6 бала суға кетіп мерт болды. Өткен жылғы суға түсу маусымында бұл көрсеткіш 29 адамды, оның ішінде 5 баланы құраған болатын. Семей қаласында суға кеткендер көп. Жаз басталғалы бері мұнда 6 адам суға кетсе, Өскемен қаласы мен Глубокое, Алтай аудандарында екі адамнан, ал Бородулиха, Ұлан, Үржар және Зайсан аудандарында бір адамнан суға кеткен, - деді облыстық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Титов.
Статистикалық деректерге сенсек, қателік барлық жағдайларда шомылушылардың өздерінен болған. Өз-өзіне деген тым артық сенмділік, судағы қауіпсіздік ережелерін елемеу, мас күйінде шомылу және жағалауда балаларды қараусыз қалдыру сияқты фактілердің кесірі осындай қайғылы жағдайға душар еткен. Олардың көпшілігі демалыс және мерекелік күндері күн қатты ысыған кезде суға шомылған.
Қазіргі уақытта облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті жерлердегі құтқарушы қызметтер судағы адам өлімін азайтуға қатысты барлық шараларды атқаруда. Атап айтсақ, департамент жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, іс шаралар жоспарын жасаған. Барлық демалыс базаларын суға түсу ережелерін қатаң сақтау жөнінде нұсқаулықтар жіберіліп, департамент базасында 130 қоғамдық құтқарушы дайындалды. Сонымен қатар демалыс базаларының жандарында 53 қоғамдық құтқару бекеті ашылды. Бұдан бөлек, суға түсу маусымы алдында су жағасына жақын орналасқан 48 акватория тексерілген болатын. Сондай-ақ, балық аулауды ұнататын өңір тұрғындарына Көліктік бақылау қызметі мен табиғи ресурстар басқармалары бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңда құтқару қызметі мен ішкі істер органдары тарапынан мыңнан астам рейд жүргізіліп, 200-ден астам тыйым салатын белгілер орнатылған, - деді Дмитрий Титов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев қайтыс болды
Өзгелердің жаңалығы