ШҚО-да жүрегінде туабітті ақау анықталған нәрестеге көмек көрсетілді
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күн бұрын Алтай ауданында жүрек ақауымен дүниеге келген сәби санитарлық авиациямен Өскемен қаласындағы «Ана мен бала» орталығына жеткізілді. Бұл жөнінде ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының неонатолог маманы Бақыт Таймасова хабарлады.
«Өкінішке қарай, сәби туабітті жүрек ақауымен дүниеге келген. Мұндай жағдайда оған бірінші кезекте мильтидиспансерлік көмек қажет еді. Нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін жедел медициналық көмек қажет болғандықтан, оны облыс орталығына жіберу жөніндегі шешім қабылданды. «Ана мен бала» орталығының мамандары аудандық аурухана дәрігерлерінің қойған диагнозын нақтылап, сәбидің жүрек-қантамыр жүйесін қалпына келтіру үшін кардиохирургиялық ота жасау керектігін анықтады. Осы себепті оны Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиохирургиялық орталыққа бағыттау жөнінде шешім қабылданды», - деді Бақыт Таймасова.
Қоса кетсек, Шығыс Қазақстанда күн сайын 60 нәресте дүниеге келеді. Жалпы, өткен жылы өңірде 21 776 сәби дүниеге келген. Облыста нәресте денсаулығындағы ақауды жедел анықтап, әрі қарай емдеуге мұрсат беретін заманауи құрылғыларды сатып алуға 3,5 млрд. теңге бағытталған. Атап айтсақ, облыстағы перинаталды орталықтар қазірдің өзінде қырықтан астам жаңа құрылғымен қамтылған.
Бұдан бөлек, жақын болашақта Өскемен қаласындағы «Ана мен бала» орталығы медициналық қызмет көрсетудің 4-ші деңгейіне көшеді. Яғни орталықта балалар нейрохирургиясы, кардиохирургиясы, офтальмологиясы мен реабилитациясы қызметтері пайда болады.
Сонымен қатар, биылғы жылдың ақпан айынан бастап, Алтай және Аягөз аудандарындағы орталық ауруханалар аймақтандырудың екіншісінен үшінші деңгейіне көшіп, Алтай, Аягөз, Үржар, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім және Жарма сияқты жеті ауданның әйелдерін қабылдай бастады. Нәтижесінде аталмыш ауруханалар жылына 4 мың әйелдің дүниеге сәбиі әкелуіне жағдай жасап, сапалы медициналық қызмет көрсетуіне қол жеткізбек.
Еске сала кетсек, осыған дейін босанған әйел жүктіліктің 39 аптасында медициналық мекемеге келіп түскені туралы жазған болатынбыз. 2019 жылғы 13 наурызда туылған сәби ауыр асфиксиямен санитариялық авияциямен ауруханаға жеткізілген.