ШҚО-да жұмыспен қамту акциясы өткізілді
Шығыс Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Шілденің 26-нан 1 тамыз аралығында Шығыс Қазақстанда «Жұмыспен қамту» акциясы өткізілді. Кәмелетке толмағандардың бос уақытын және жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, олардың арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды мақсат тұтқан акция барысында рейдтік шаралар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған акция аясында 31 шілде күні Өскемен қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары қаладағы «Жұмыспен қамту орталығының» қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік шара ұйымдастырды. Шара барысында жасөспірімдер көптеп табылатын орындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мен жұмыспен қамтудың қағидалары жайында жазылған кітапшалар үлестірді.
«Полиция органдарының есебінде тұрған және қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмағандарды қаланың сыртындағы жазғы және мектеп жанындағы лагерьлердің, спорт секцияларының жұмысына және бос уақытты өткізу мен жұмыспен қамтудың басқа да нысандарына тарту бойынша біздің тарапымыздан шаралар қабылдануда», - деді Өскемен қалалық Полиция басқармасы Үлбі полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Лаура Әбдилдинова.