ШҚО-да негізгі кооперациялардың дамуына ерекше назар аударылуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 85%-ға дейін, ал бүгінде ісін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер мен негізгі кооперация қатысушыларына 50%-ға дейін кепілдік беру қарастырылған. Бұл жөнінде ШҚО бойынша Аграрлық несие корпорациясының директоры Марлен Абиев хабарлады.

«Аграрлық несие корпорациясы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында шағын несиелендіру жұмыстарын жүргізуде. Бағдарлама қатысушылары микрокредиттік ұйымдар мен несие серіктестіктері арқылы қаржыландырылуда. Бұл өз кезегінде сату каналдарының санын көбейтіп, аудан орталықтары мен ауылдардағы тұрғындардың несие алу мүмкіндігін жеңілдете түспек», - деді Марлен Абиев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бағдарламаға қатысушылар қатарын негізінен жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жаңадан іс бастаған немесе кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер, ауылшаруашылығы кооперативтері мен олардың зейнет жасына жетпеген қатысушылары, сондай-ақ шаруа және фермерлік қожалықтар, оның ішінде зәкірлі кооперативтер құраған.

«Корпорация бағдарламаны іске асыру аясында қарыз алушыларға 84 ай мерзімге дейін 8 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде несие береді. Кредиттік серіктестіктер мен микрокредиттік ұйымдардан қарыз алушылар үшін оның жылдық үстемақысы 6%-ды құрайды. Сонымен қатар, кепілзат бойынша да бірқатар жеңілдік жағдайы қарастырылған. Атап айтсақ, кепілзат ретінде қарыз алушының және үшінші тұлғалардың мүліктері де алынуы мүмкін. Бұдан бөлек, болашақта несие қарызына алынатын мүлік те кепілге алынуы ықтимал. Сондай-ақ, «КазАгроГарант» АҚ кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 85%-ға дейін, ал бүгінде ісін дөңгелентіп отырған және негізгі кооперация қатысушыларына 50%-ға дейін кепілдік береді», - деді филиал директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы