ШҚО-дағы бос жер телімдері үш жыл ішінде электронды базаға толық енгізілмек

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы үш жыл ішінде Шығыс Қазақстандағы бос жер телімдері мен инженерлік коммуникациялар электронды картаға толықтай енгізілмек. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова мәлімдеді.

"Өскемен және Семей қалаларындағы бос жер телімдері мен инженерлік коммуникациялардың электронды картасы 2018 жылы жасала бастаған болатын. Қараша айында ол openmap.kz сілтемесі бойынша ашық қолданысқа шығарылды. Аталмыш карта арқылы ұзақ уақыт қолданылмай жатқан жер учаскелерін және өз бетінше құрылыс салу фактілерін анықтайтын боламыз. Сондай-ақ әр тұрғын жер телімдерін кадастрлық нөмірі, ауқымы мен қолданыс мақсаты бойынша іздеп таба алатын болады. Электронды картада қала ішіндегі бос жер телімдерінен бөлек, елді мекеннің бас жоспары, қала құрылысының жобалары, суқорғау аймақтары, көше жүйелері мен жерасты инженерлік коммуникациялары, сонымен қатар сатылуы мүмкін жер учаскелері туралы ақпараттар беріледі", - деді Виктория Барсукова.

Басқарма басшысының айтуынша, электронды портал арқылы азаматтар инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша қызметті де ала алатын көрінеді. Ол үшін мұндай қызмет алуды қалаған тұрғын электронды өтініш түсіріп, техникалық шартты электронды түрде алады. Қазіргі уақытта мұндай қызмет түрін мемлекеттік тізілімге енгізу жұмыстары жүргізілуде.

"Биылғы жылы аталмыш картаға Зайсан, Аягөз, Алтай, Серебрянск, Риддер, Шемонаиха сияқты ірі қалаларымызды енгізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы барлық аудан орталықтарын енгіземіз, ал 2021 жылы қалған елді мекендерді қамтитын боламыз", - деп қосты Виктория Барсукова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы