ШҚО-да тарихи жәдігерлер мен қорғандардың 3D форматы жасалады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда тарихи жәдігерлер мен сирек кездесетін кітаптар толықтай сандық форматқа көшірілмек. Бұл жөнінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өткен Бақылау кеңесінің отырысында айтылды.
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша айтуынша, бұл шараның негізгі мақсаты мұрағат қорларының көшірмесін, облыстық кітапхананың сирек кездесетін кітаптарын, өңірдегі мұражайлардың тарихи және археологиялық жәдігерлерін цифрландыру көрінеді. Қазіргі уақытта бұл бағыт бойынша университет, мұрағаттар, кітапханалар мен «Парыз» қоры арасында үшжақты келісімшарт жасалған.
«Қазір мамыр айы. Біз білетін барлық қорғандар, оның ішінде «Қаған-1», «Қаған-2», «Сардар-1», «Сардар-2» қорғандары бұл жобаға кіруі керек. Бұл мәселені мықтап қолға алуды облыстық Мәдениет басқармасына тапсырамын. Жұмысты жүргізуде көпжылдық тәжірибемізді қолдана білген жөн», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.
Естеріңізде болса, 2018 жылдың желтоқсан айында өткен Халықаралық ІТ-форум барысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ерекше деректер сақталатын цифрлы қойманың жобасын ұсынған болатын. Шығыс Қазақстан облысының мәдени мұрасын сақтау мақсатында құрылған жоба аясында құнды материалдар мен тарихи жәдігерлердің, қорғандардың 3D форматы жасалып, кез келген адамға оны қашықтықтан тамашалау мүмкіндігі берілмек. Сонымен қатар, 2019-2021 жылдар аралығында іске асуы межеленген жобаға жыл сайын 24 миллион теңге көлемінде қаржы құю көзделген.