ШҚО-да тәртіп сақшылары қан тапсыру акциясын ұйымдастырды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті қызметкерлерінің арасында «Мен-донормын» атты қан тапсыру акциясы өткізіліп, 50-ден астам тәртіп сақшысы науқас жандарға қолұшын созды.

«Қан тапсыру бір жағынан өзгелерге көмек болса, екінші жағынан оны тапсырған адамның денсаулығына оң әсері бар. Сол себепті игілікті істі департамент және пробация қызметкерлері ғана емес, сондай-ақ облыс бойынша барлық түзету мекемелерінің қызметкерлері әрі қарай ерікті түрде жалғастырса нұр үстіне нұр болары анық. Жалпы, мұндай қайырымдылық шарасы жылына екі-үш мәрте ұйымдастырылып тұрғаны жөн», - деді Департамент бастығы Ерсайын Мухамедиярұлы.

Акция барысында Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті мен пробацияның 50-ден астам қызметкері ерікті түрде қан тапсырды. Айта кетсек, акцияға қатысушылардың денсаулық жағдайлары алдын ала тексеріліп, сонан соң ғана қан тапсыруға жіберілді.

«Сала қызметкерлерінен отанына адал қызмет етуімен қатар, денсаулықтарының мықты болуы да талап етіледі. Бұл акция арқылы департамент қызметкерлері артылған сенімді ақтап, науқас жандарға көмек қолын созуға атсалысты. Біз жалғыз осы акциямен ғана тоқтап қалмаймыз. Облыстық Қан орталығымен осындай қайырымдылық акциялары әрі қарай да жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде біздің қызметкерлеріміздің денсаулығына оң әсерін тигізуімен қатар қан құюға зәру жандар үшін үлкен көмек болатыны сөзсіз», - деп қосты Департамент бастығының орынбасары Қанат Зиянов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы