ШҚО-да миллионнан астам гектар жерге егін егіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік өңірлерден кейін Шығыс Қазақстан облысының шаруалары егіс науқанына кірісті, деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Осы жылы ШҚО-да 1,3 млн гектар жерге егіс егіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8 мың гектарға артық. Жаздық егіс көлемі 1 млн 98 мың гектарды құрайды. Негізінен өңірде дәнді, дәнді-бұршақты дақылдарды – 559,3 мың және майлы дақылдар 481 мың гектарға егіледі.

Майлы дақылдардың үлесінде дәстүрлі күнбағыс басым, оның көлемі – 445 мың гектардан астам. Бұдан басқа, егіс алқабының 292 мың гектарына жем-шөп егіледі. Сондай-ақ, 19 мың гектарға картоп, 16 мың гектарға көкөніс пен бақша салынады. Бұл ШҚО-дағы барлық егіс алқабының 2,5% құрайды.

Көктемгі егіс жұмыстарына 16,6 мың трактор, 5 мыңнан астам жүк көлігі, 93 егіс кешені, 11 мыңнан астам тұқым сепкіш, соқалар мен культиваторлар жұмылдырылады. Тракторлар 98%-ға, қалған техника – 100%-ға дайын, - делінген таратылған ақпаратта.

Көктемгі егіс жұмыстарына 2,5 мыңнан астам ірі және орта шаруашылық жұмылдырылған. Егіс жұмыстарын жүргізу үшін Павлодар МХЗ-дан 30 мың тонна дизель отыны бөлінді. Наурыз айына 8 мың тонна, сәуір айына 9 мың тонна, мамыр айына 8 мың тонна, маусым айына 5 мың тонна белгіленді. Қала мен аудан әкімдіктерімен оларды жеткізу жөніндегі операторлар анықталды.

Осы жылы облыстық бюджеттен субсидия түрінде 5,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұқым шаруашылығын қолдауға – 2,7 млрд теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға – 1,7 млрд теңге, пестицидтерді арзандатуға – 1,4 млрд теңге. Сонымен қатар, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы егіс науқанын қосымша қаржыландыру үшін фермерлерге 2,4 млрд теңгеден астам төмен пайызды несие берілген, - дейді баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында егіс алқаптарын өңдеу және ылғалды жабу жұмыстары жүргізілуде. Үржар, Зайсан және Тарбағатай аудандарында қазірдің өзінде дәнді дақылдар егілді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы