ШҚО-да әлеуметтік азық-түлік бағасы тұрақты

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бес түрінің ғана бағасы аздап көтерілген. Қалған түрлерінің бағасы бір деңгейде сақталған.

Бұл туралы Аймқатық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьева хабарлады.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бес түрінің бағасы аздап көтерілгені байқалды. Олар – қырыққабат, қант, сиыр еті, қарақұмық жармасы мен бидай наны. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қалған түрлері бойынша баға тұрақты күйінде қалып отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша осындай азық-түлік түрлеріне минималды баға қосылған 78 әлеуметтік дүкен мен 500 сауда бұрышы жұмыс істеп тұр, - деді Ольга Владимировна.

Бүгінгі таңда аудан, қала әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке минималды баға қою жөнінде өндірушілермен, саудагерлермен меморандумдар жасасқан. Сондай-ақ Өскемен және Семей қалаларының тұрғындарын 2019-2020 жылғы маусымаралық кезеңде жеміспен және көкөніс өнімдерімен қаматамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қорына 5700 тонна жеміс-көкөніс өнімдері сатып алынған.

Олардың ішінде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат бар. Олардың әр келісі тұрақтандыру қорының 14 сауда дүңгіршегі мен "ФрешМаркет" сауда үйінің бір бөлімінде 70 теңгеден саудаланып жатса, Семей және Өскемен қалаларындағы басқа 74 сауда нысанында 77 теңгеден сатылуда. Бүгінгі күні облыстық тұрақтандыру қорының қоймаларында жалпы көлемі 820 тонна жеміс-көкөніс өнімдері мен 529 тонна қант бар. Жалпы айтқанда, 9 сәуірдегі жағдай бойынша, облыстағы тұрақтандыру қорының қоймалары мен сауда нысандарында барлығы 9600 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сақталған, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.

Аталмыш тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстың аудан, қала әкімдіктері күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Қандайда бір негізсіз баға өсімі байқалған жағдайда құзыретті органдар сауда нысандары иелерін бәсекелестікті қорғау заңнамасы аясында жауапкершілікке тартады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы