ШҚО-да кәсіптік білімге бөлінетін бюджеттік орындар саны артады
Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыс Қазақстанда кәсіптік білім беретін мекемелердегі бюджеттік орындар 640-қа артпақ. Бұл жөнінде облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділова хабарлады.
«Өңірдегі еңбек нарығының сұранысына сай қажетті мамандарды дайындау үшін техникалық және кәсіби білім беру көлемі жыл сайын жергілікті бюджет есебінен 10%-ға арттырылып отырады. Егер 2018 жылы 5560 бюджеттік орын бөлінсе, биыл оның көлемін 640 орынға арттырып6 6200-ге жеткізу жоспарланып отыр. Ал бұған бөлінетін қаржы мөлшері 4,5 млрд теңгені құрамақ», - деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
Жауапты тұлғаның айтуынша, 2019 жылға дейін мемлекет бір студентке жылына 350 мың теңге шығын шығарса, жаңа оқу жылынан бастап ол орташа есеппен 725 мың теңгеге жететін болады. Бұл дегеніміз әр студентке айына 60,5 мың теңге бөлінеді деген сөз. Аталмыш сомадан мұғалімдердің жалақысы, студенттің шәкіртақысы, оның жүріп-тұруы мен тамақтануы төленетін болады.
«Қазіргі уақытта облыстағы 86 колледжде 35 519 студент оқып жатыр. Бюджеттік топтарда оқитын 18 799 студенттің 14 362-сі жергілікті бюджет есебінен білім алып жатыр. Ал 16 720 студент ақылы түрде оқыса, оның 10 653-і күндізгі бөлімде білім алады», - деп қосты білім басқармасының басшысы.
Қоса кетсек, қазіргі уақытта облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, көпбалалы отбасылардың ақылы бөлімде оқитын балалары үшін арнайы әлеуметтік көмек көрсету бағдарламасы дайындалу үстінде. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмек көрсетудің механизмі жасалған. Бұдан бөлек, 2019-2020 оқу жылында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын оқыту үшін 3 млрд теңге шамасында мемлекеттік тапсырыс қарастырылған көрінеді. Бұл шамамен 4 мың баланы қамтымақ.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ