ШҚО-да инвесторларға арналған орталық ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл қыркүйек айында өңір экономикасына қаржы құюды көздейтін инвесторлар жұмысын жеңілдетіп, көмек беретін арнайы орталық құрылады. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрмановтың айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өңірге инвестиция тартудың кешенді экожүйесі қалыптастырылуда.
«Инвестордың идеясынан оның іске асырылуына дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын сценариі толық зерделенді. Биылғы жылдың қыркүйек айында Инвестициялық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің атқарушы мемлекеттік орган ретіндегі басты міндетіміз әр инвестордың инвестициялық жобаларын қолдап отыру», - дейді Ержан Айткенұлы.
Естеріңізде болса, бұған дейін аймақ басшысы Даниал Ахметов өңір экономикасына қаржы құюды көздеген инвестордың облыстағы инвестициялық жобалар туралы толыққанды ақпарат алуына және тараптармен келіссөздер жүргізуіне жағдай жасайтын Инвестициялық орталық құру жөнінде тапсырма берген болатын.